Алматы облысында премикс өндіретін зауыт салынады

Алматы облысында премикс өндіретін зауыт салынады

«KazFoodProducts» компаниялар тобына кіретін «АзияАгроФуд» АҚ Венгрияның UBM Group холдингімен премикс өндіретін бірлескен кәсіпорын құру туралы инвестициялық келісімге қол қойды. Жаңа зауыт Алматы облысында салынады. Оның жобалық қуаты – жылына 48 мың тонна.

Бұл – Қазақстандағы премикстерді өнеркәсіптік көлемде өндіретін алғашқы зауыт болмақ. «АзияАгроФуд» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда мұндай өнімдердің басым бөлігі шетелден әкелінеді. Жобаны іске асыру импортқа тәуелділікті төмендетуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, бюджетке түсетін салық түсімдерін арттыруға және жем-шөп өнеркәсібінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«АзияАгроФуд» АҚ басқарма төрағасы Саян Ашеновтың айтуынша: «Бірлескен кәсіпорын құру – еліміздің жем-шөп саласы үшін маңызды қадам. Зауыттың іске қосылуы импортты біртіндеп алмастыруға, отандық өндірісті кеңейтуге және азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға сеп болады», – деді ол.

UBM Group компаниясының бас директоры Петер Хорват Қазақстанның бұл жобада серіктес ретінде таңдалуы кездейсоқ емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, елімізде сапалы шикізат, білікті мамандар және саланы дамытуға қолайлы жағдайлар бар. UBM Group бұған дейін Венгрия, Сербия, Румыния, Словакия және Аустрияда осындай бірқатар жобаларды сәтті жүзеге асырған.

Комбикорм мен премикс өндірісі бойынша әріптестік туралы келісімге 2024 жылғы қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Венгрияға ресми сапары аясында қол жеткізілген болатын.

2005 жылы құрылған «АзияАгроФуд» АҚ бидай мен жүгеріні қайта өңдеумен, ұн, патока, құрамажем және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарумен айналысады. Кәсіпорын құрамында тәулігіне 400 тоннаға дейін астық өңдейтін диірмен кешені, тәулігіне 200 тоннаға дейін жүгері өңдейтін цех және 600 тонна өнім шығаратын құрамажем зауыты жұмыс істейді.

Компанияның акционерлік құрылымы келесідей: «KazFoodProducts» ЖШС – 95%, Айдархан Сарсембаев – 5%. Компания тобының түпкілікті бақылаушысы – Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең дәулетті кәсіпкерлер тізімінде 68-орында тұрған Ерлан Баймуратов.

Ерлан Баймуратов – «Баян Сұлу» АҚ-ның негізгі акционері, сондай-ақ «EMC Agro» ЖШС, «Bioline KZ» ЖШС, биоэтанол, бидай клейковинасы, крахмал, ұн және мал азығы өнімдерін өндіретін «BioOperations» ЖШС және Алматы облысында сүт өнімдерін өндіретін «ТастөбеАгроФуд» ЖШС-нің үлестері де оған тиесілі.