Миллиондаған табыс құлпынайдан: Алматы облысының жас фермері жеңілдетілген несиені тиімді игерді

Миллиондаған табыс құлпынайдан: Алматы облысының жас фермері жеңілдетілген несиені тиімді игерді

Ынтымақ ауылының тұрғыны Ерадил Құмарбек ауыл шаруашылығының заманауи, табысты әрі экологиялық таза сала бола алатынын өз тәжірибесі арқылы дәлелдеді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алып, ол 600 шаршы метрлік жылыжай тұрғызып, құлпынай өсіру ісін жолға қойды. Жобаны іске асыру үшін жас фермер 2,5% жылдық мөлшерлемемен 9,1 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау алған.

– Мені әрдайым жерге деген сүйіспеншілік жетелейтін. Жай ғана жұмыс істеп қоймай, өз ісімді бастағым келді. Құлпынай менің алғашқы қадамым болды – бұл маған еңбекке деген ынтамен қатар, ертеңгі күнге деген сенімді де сыйлады, – дейді Ерадил Құмарбек.

Жылыжай заманауи тамшылатып суару жүйесімен жабдықталған, бұл су ресурстарын үнемдеп, тұрақты әрі сапалы өнім алуға мүмкіндік береді. Табиғи әрі хош иісті құлпынай бүгінде жергілікті нарықта үлкен сұранысқа ие. Фермердің айтуынша, оның бастамасы ауыл тұрғындарына, әсіресе жастарға шабыт беріп, олар агробизнеске белсенді түрде қызығушылық таныта бастаған.

– Су – өмір. Бүгіннен бастап үнемдеуді үйренсек, болашағымызды жарқын ете аламыз, – дейді ол табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланудың маңыздылығына назар аударып.

Бүгінде Ерадилдің жылыжайы – тек тұрақты табыс көзі ғана емес, сонымен қатар бастамашылдық, мемлекеттік қолдау мен еңбекқорлық ауыл өмірін түбегейлі өзгерте алатынының жарқын үлгісі.