Мәулен Әшімбаев Алатау қаласының даму жоспарымен танысты

Мәулен Әшімбаев Алатау қаласының даму жоспарымен танысты

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Алматы облысында Мемлекет басшысының өңірлердің өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру барысымен танысты. Сапар аясында еліміздің оңтүстік-шығысындағы маңызды стратегиялық жобалардың бірі – Алатау қаласын салу жоспарына баса мән берілді.

Палата Спикері қаланың Бас жоспарымен танысып, алдағы уақытта қолға алынатын іргелі жобаларға назар аударды. Алатауда төрт салалық кластерді қамтитын арнайы экономикалық аймақ құрылған. Олар: мәдениет және туризм орталығы, білім және медицина аймағы, іскерлік және қаржы орталығы, сондай-ақ, индустриялық-логистикалық аудан. Жоспарға сәйкес 2050 жылға қарай жаңа қаланың тұрғындары 2 миллионға жетуі мүмкін. Мұнда 400-ден астам әлеуметтік нысан салынып, жыл сайынғы туристік ағын 4 миллион адамнан аспақ.

Мәулен Әшімбаев Алатауды дамыту ауқымды қала салумен ғана шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының осы тапсырмасын сапалы іске асыру бүкіл өңірдің өркендеуіне оң әсерін тигізеді.

«Алатау қаласы былтыр Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен құрылды. Бұл – Алматы агломерациясына ғана емес, бүкіл елдің дамуына тың серпін беретін перспективасы зор маңызды бастамалардың бірі. Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын Палата ретінде аймақтардың дамуына белсенді ықпал етіп келеді. Сондықтан алдағы уақытта Алатау инновация, инвестиция және талантты жандарды тартатын озық дамыған шаһарға айналуға тиіс деп есептейміз. Осы маңызды жобаның сапалы және уақытылы жүзеге асырылуы үшін бәріміз күш салуымыз қажет», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы Alatau арнайы экономикалық аймағында орналасқан ірі нысандардың қызметімен танысты. Атап айтқанда, ол үздіксіз жүк тасымалын қамтамасыз ету және өңірлік сауданы дамыту ісінде маңызды рөл атқаратын «Исткомтранс» көлік-логистикалық орталығына арнайы барды, Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев «FRUIT ART» ЖШС жеміс-жидек комбинатының жұмысшыларымен кездесті. Серіктестіктің құрамында жыл бойы құлпынай өсіретін жылыжай кешені, сыйымдылығы 15 мың тоннаға жететін жеміс қоймасы және неміс технологиясы бойынша жұмыс істейтін сублимация комбинаты бар. Бұл кәсіпорынға жалпы көлемі 44 млрд теңгеден астам инвестиция салынған. Сенат Төрағасы агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі өркендетудің және осы бағыттағы кәсіпорындарды қолдаудың маңызды екенін айтып, олардың елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тигізетін әсері зор екенін тілге тиек етті.

 

Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты