Жаңа мектептер – жаңа мүмкіндіктер: Алматы облысында жас педагогтерге жол ашылды

Жаңа мектептер – жаңа мүмкіндіктер: Алматы облысында жас педагогтерге жол ашылды

Алматы облысында білім беру саласы қарқынды дамып келеді. 2024–2025 оқу жылының басында «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында аймақ бойынша 9 жаңа мектеп өз есігін айқара ашты. Бұл тек жаңа ғимараттар емес — болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына арналған заманауи әрі жайлы орта.

Жаңа білім ордалары Қарасай (6 мектеп), Жамбыл (2 мектеп) аудандарында және жаңадан құрылған Алатау қаласында (1 мектеп) ашылды. Атап айтсақ, Долан, Қошмамбет, Елтай, Көкөзек, Қаскелең қаласы мен Кемертоған ауылындағы мектептер, сондай-ақ Қарғалы мен Ұзынағаш ауылдары, Еңбек ықшам ауданындағы жаңа мектептер қазіргі заманғы жабдықтармен толық қамтылған.

Мектептерге жаңа леп алып келген мамандар
Аталған білім ордаларына 985 педагог жұмысқа қабылданды. Оның ішінде 545-і — ашық конкурс арқылы, 440-ы — ауысым тәртібімен келген ұстаздар. Ең бастысы, бұл педагогтердің ішінде 104-і — жас мамандар. Олар 2022–2024 жылдар аралығында жоғары педагогикалық оқу орындарын тәмамдаған, ел болашағын тәрбиелеуге енді қадам басқан жалынды ұстаздар.

Жас мамандардың мамандықтары бойынша бөлінісі:

Бастауыш сынып мұғалімдері – 23

Математика пәні мұғалімдері – 13

Қазақ тілі мен әдебиеті – 12

Орыс тілі мен әдебиеті – 7

Ағылшын тілі – 21

Информатика – 5

Жаратылыстану және басқа пәндер – 23

Барлық жас мамандар еңбек шарты негізінде жұмысқа қабылданып, мектептердің ішкі тәртібі мен әдістемелік үдерісіне белсенді кіріктірілді. Оларға тәлімгер ұстаздар бекітіліп, кәсіби бейімделу және қолдау жұмыстары жүйелі жүргізілуде.

Қарғалыдағы жаңа мектеп – жас мамандардың белсенді ортасы

«Келешек мектеп» жобасы аясында бой көтерген Қарғалы ауылының №1 орта мектебі 2024 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілді. Бұл мектепке де жас мамандар көптеп тартылып, қазіргі таңда білім процесіне белсенді араласуда.

Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Қилыбаева Ұлмекен – Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің түлегі. Мектепішілік және аудандық деңгейде ұйымдастырылған бірнеше семинарларға қатысып, кәсіби тәжірибе алмасуда. Ол өткізген «Space facts» атты ашық сабағы ерекше қызығушылық тудырып, оқушылардың танымын кеңейтті.

Математика пәнінің мұғалімі Бекзак Ләззат – Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің түлегі. Жас маман ретінде аудандық байқаулар мен әдістемелік іс-шараларға белсене қатысып, мектеп ұжымының сеніміне ие болды.

Ұзынағаш мектебіндегі жаңашыл жас педагог

Шарафутдинова Гүлдана – Ұзынағаш ауылындағы №2 орта мектепте еңбек жолын бастаған бастауыш сынып мұғалімі. Ол аз уақыт ішінде заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолданып, оқушылармен және әріптестерімен берік байланыс орната білді. Жасанды интеллект құралдарын сабаққа енгізу арқылы ол оқыту сапасын арттыруда жаңа деңгейге көтерілді.

Жас мамандар жетістігімен қуантады

«Долан ауылындағы жайлы мектеп» КММ-нің жас маманы – Амангельды Асем.
Жас маман оқу-тәрбие процесіне белсене араласып, қысқа уақыт ішінде ұжым мен оқушылардың сеніміне ие болды. Сабақтарын заманауи әдіс-тәсілдермен жүргізіп, білім сапасының артуына үлес қосуда. Мектепішілік семинарларға, әдістемелік отырыстарға, шығармашылық топтарға қатысып, кәсіби шеберлігін үнемі жетілдіріп келеді.
2024–2025 оқу жылында аудандық «Үздік орыс тілі мұғалімі – 2025» байқауының жүлдегері атанды.

«Көкөзек ауылындағы жайлы мектеп» КММ-нің бастауыш сынып мұғалімі – Самсабаева Мадина.
Ұжым мен ата-аналардың сенімінен шыққан білікті жас ұстаз. Ол «Оқуға құштар оқушы» байқауында Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повесін оқыту арқылы аймақтық кезеңде ІІ орын иеленіп, оқушыларды көркем шығарма оқуға баулыды. Сонымен қатар, «Пед Старт – 2024» республикалық байқауында «Үздік бастауыш сынып мұғалімі» номинациясын жеңіп алды.
Жаңартылған білім мазмұны бойынша мақаланы жоғары деңгейде дайындағаны үшін де арнайы марапатқа ие болды.

«Қаскелең қаласындағы жайлы мектеп» КММ-нің талапты жас маманы – Алпысбаева Назерке Елтайқызы.
Білім мен тәрбие саласына өзіндік үлес қосып жүрген, заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана отырып, шәкірттердің сеніміне ие болған ұстаз. Ол 2024–2025 оқу жылында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған аудандық «Үздік абайтанушы» байқауында бас жүлдені иеленді.

2025 жылы «Келешек мектеп» жобасы аясында тағы 17 мектептің есігі ашылады деп күтілуде. Бұл мектептер 13 800 оқушы орнына есептелген. Соған сәйкес мұғалімдерге деген сұраныс та жоғары болмақ.

Педагогтерге қажеттілік:

Жалпы қажеттілік – 2231 педагог

Оның ішінде жас мамандар – 295

Сұранысқа ие бағыттар:

Бастауыш сынып – 42

Қазақ тілі мен әдебиеті – 35

Орыс тілі мен әдебиеті – 30

Математика – 45

Ағылшын тілі – 36

Физика, химия, биология – 45

Информатика және басқа пәндер – 62

Жас мамандар ҚР Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 31 наурыздағы №57 бұйрығына сәйкес, enbek.kz платформасы арқылы конкурс негізінде қабылданады. Әр мектепте тәлімгерлік пен бейімделу бағдарламасы енгізіледі.

Жас мамандарды қолдау – ел болашағына жасалған нақты инвестиция. «Келешек мектеп» жобасы білім беру жүйесіне тың серпін беріп, ауыл мектептерін кәсіби мамандармен толықтырып келеді. Бұл – тек мектеп емес, жаңа мүмкіндіктердің, сенімді ұстаздардың, білімді ұрпақтың бастауы.