Алматы облысында заманауи Aqtas туристік нүктесі қалай пайда болды

Алматы облысында заманауи Aqtas туристік нүктесі қалай пайда болды

Алматы облысының таулы аймағында жыл он екі ай демалуға арналған заманауи туристік нысан – Aqtas жобасы іске қосылды. Қиын климаттық жағдайлар мен күрделі рельефке қарамастан, жобаның бірінші кезеңі небәрі 11 айда аяқталды.

Соңғы жылдары Қазақстандағы туризм саласы қарқынды дамуда. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы қонақүй және курорттық қызметтер көлемі 30%-дан астамға өсіп, салаға салынған инвестициялар 980 миллиард теңгеден асты. Бұл өсімнің маңызды бөлігі Алматы агломерациясының тау кластеріне тиесілі.

Дәл осы өңірде, көркем табиғат аясындағы әйгілі Oi-Qaragai курорты маңында 2024 жылы жаңа туристік кластер – Aqtas аймағының құрылысы басталды. Ал 2025 жылы ол толыққанды туристік орталыққа айналып, жаңа инвестициялар мен туристерді тартатын нүкте болды.

Жаңа таулы демалыс аймағы теңіз деңгейінен 2 100 метрден жоғары биіктікте орналасқан. Оның басты ерекшелігі – Орталық Азияда алғаш рет іске қосылған 10 орындық гондолалы аспалы жол. Бұл жол кешке дейін жұмыс істеп, қонақтарға күн бату мен түнгі Алматы панорамасын тамашалауға мүмкіндік береді.

2025 жылдың сәуір айынан бастап жобаның келесі кезеңі – 100-ден астам адамға арналған мейрамхана мен конференц-залдың құрылысы қолға алынды. Курорт толығымен қазақстандық кәсіпкер Ерлік Балфанбаевтың жеке инвестициясы есебінен салынуда. Шетелдік қаржы тартылмаған. Қазіргі таңда салынған инвестиция көлемі 44 миллион АҚШ долларынан асты, ал жобаның жалпы құны 160 миллион доллар деп бағалануда. Барлық кезеңдер аяқталған соң, мұнда 1 200-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылып, жыл сайын шамамен 1,6 миллиард теңге салық бюджетке түсетін болады.

Қазақстандық тәжірибеде таулы жерде мұндай ауқымды жобаны 11 айда жүзеге асыру – өте сирек кездесетін жағдай. Биік таудағы логистика мен климаттың қиындығына қарамастан, тиімді жоспарлау мен кезең-кезеңмен іске асырудың арқасында 2025 жылдың 1 наурызында аспалы жол алғашқы туристерді қабылдап, бизнес алғашқы кірісін түсіре бастады.

Алдағы айларда Aqtas аймағында бугельді көтергіш, глэмпинг, алып әткеншектер мен катапульта сынды экстремалды аттракциондар іске қосылады. Бұл нысанның жазда да, қыста да тартымды болуына жол ашады.

Aqtas жобасы – Қазақстанда жеке бизнес пен тиімді басқару арқылы халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті туристік өнім жасау мүмкін екенін көрсететін жарқын мысал. Курорттың экономикалық үлесі де айтарлықтай: 2023 жылы салық түсімі 800 миллион теңгеден, ал 2024 жылы – 1,5 миллиард теңгеден асты.

Ішкі туризмді дамыту – енді тек шикізаттық экономикаға балама емес, жоғары әлеуеті бар дербес салаға айналуда. Aqtas – осы үрдістің нақты дәлелі әрі еліміздің өзге аймақтарында да кеңінен таратуға болатын табысты тәжірибе.