Экология, жолдар және туризм: Алматы агломерациясы Жергілікті кеңесінің отырысында негізгі міндеттер талқыланды

Экология, жолдар және туризм: Алматы агломерациясы Жергілікті кеңесінің отырысында негізгі міндеттер талқыланды

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алматы агломерациясы Жергілікті кеңесінің кезекті отырысын өткізді. Жиын барысында экологияны жақсарту, радиалды жолдарды БАКАД-қа дейін жүргізу, сондай-ақ Алматы таулы кластерін дамыту мәселелері қаралды.

Тараптар радиалды жолдардың салынуы қаланың агломерациямен көлік байланысын жақсартып, мегаполистің орталық магистральдарындағы жүктемені азайтатынын атап өтті. Сондықтан бұл мәселеге ерекше назар аударылатын болады.

Қала мен облыс аумағында Абай және Рысқұлов даңғылдарын, Саин, Тілендиев, Солтүстік айналма және Мөңке би көшелерін БАКАД-қа дейін жалғау бойынша құрылыс жұмыстары жалғасуда.

«Кеңестің стратегиялық міндеттерінің бірі – Алматы агломерациясының көлік инфрақұрылымын дамыту. Сол себепті қала шекарасына дейінгі көшелерді жалғау және оларды облыс аумағында БАКАД-қа дейін салу жұмыстарын жеделдету қажет», – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.

Сонымен қатар, облыс аумағында газ құю бекеттері бар автобус паркін салу қажеттілігі де атап өтілді. Бұл шара Алматы қаласының Қалалық мобильділік басқармасына қала маңына қатынайтын бағыттарға газбен жүретін автобустарды іске қосуға мүмкіндік береді. Биыл қала әкімдігі жеке автопарктермен бірлесіп 1400 газбен жүретін автобус пен 118 электробус сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл қалаішілік қоғамдық көлікті 100% экологияландыруға мүмкіндік береді (қала маңы және таулы бағыттардан басқа).

Агломерация аумағындағы ретсіз құрылыс мәселесі әлі де өзекті. Қала шекарасына жақын орналасқан көпқабатты тұрғын үй құрылысы агломерацияның ядросы мен шет аймақтары арасындағы теңгерімсіздікті күшейтіп отыр. Бұл маятникті көші-қонды арттырып, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымға қосымша салмақ түсіруде.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, өңірде қала құрылысы тәртібін жетілдіру жалғасады. Оның ішінде қала маңындағы тұрғын үй кешендерінің биіктігіне шектеу енгізу жоспарланып отыр. Қарасай, Талғар және Іле аудандарының бас жоспарлары әзірленіп жатыр, оларда әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның құрылуы қарастырылады.

«Алматы агломерациясы аумағында 3,2 миллионнан астам адам тұрады, оның 1,5 миллионы қала маңында. Агломерацияның өндірістік және туристік әлеуетінің елеулі бөлігі Алматы облысында шоғырланған. Сондықтан барлық инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар үйлестірілген түрде іске асырылуы маңызды», – деп атап өтті Марат Сұлтанғазиев.

Кездесу барысында экологиялық жағдайды жақсарту мәселелері де талқыланды. Ауа бассейнін ластаушы негізгі факторлардың бірі – автокөлік. Қалада күн сайын экологиялық «Евро-0» санатындағы 172 мыңнан астам көлік қозғалыста болады. Осыған байланысты қалада стационарлық және мобильді экопосттардың жұмысын күшейту жоспарлануда. Сонымен қатар төмен шығарындылы аймақтарды (Low Emission Zone) енгізу жобасы әзірленіп жатыр.

Сондай-ақ, Алматы таулы кластерін дамыту аясында заманауи туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыстарды үйлестіру мәселелері қарастырылды.

Айта кетейік, Алматы агломерациясының өзегі – Алматы қаласы. Агломерация құрамына облыстық маңызы бар қалалар, оның ішінде Алатау, аудандық маңызы бар қалалар, 31 ауылдық округ пен шамамен 98 елді мекен кіреді.