Health Invest Forum – 2025: Ашық диалог пен инвестициялық ынтымақтастық алаңы

Health Invest Forum – 2025: Ашық диалог пен инвестициялық ынтымақтастық алаңы

Бүгін Каскелен қаласында, SDU университетінің базасында халықаралық «Health Invest Forum – 2025» форумы өтті. Іс-шараның ұйымдастырушысы – Алматы облысының әкімдігі.

Форум өңірдегі денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды таныстыру, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастық, халықаралық ұйымдар мен инвесторлар арасындағы тиімді әріптестікті қалыптастыруға арналған бірегей диалог алаңына айналды.

Алаңға орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, отандық және шетелдік инвесторлар, дипломатиялық миссиялар басшылары, медицина және фармацевтика саласының сарапшылары жиналды.

Форумның басты мақсаты – Алматы облысының денсаулық сақтау жүйесіне инвестиция тарту, инфрақұрылымды жаңғырту және мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті кеңейту.

Іс-шара аясында төмендегі өзекті бағыттар бойынша пікір алмасу өтті:

  • медициналық мекемелерді салу және жаңғырту,
  • денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру,
  • фармацевтикалық өндірісті дамыту,
  • диагностикалық және оңалту қызметтерін кеңейту,
  • инвестициялық тетіктерді жетілдіру.

Форумға қатысушылар өңірдің даму стратегиясымен және алдағы жобалармен танысып, нақты ұсыныстарын білдірді. Кездесу қорытындысы бойынша ықтимал әріптестікке қатысты бірқатар келісімдерге қол жеткізілді. Ұйымдастырушылардың пікірінше, осындай форматтағы алаңдар инвесторлармен тұрақты байланысты нығайтып, медициналық қызметтердің сапасын арттыруға және халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға елеулі үлес қосады.

Айта кету керек, «Health Invest Forum – 2025» форумы – еліміздің денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жолындағы нақты қадамдардың бірі. Форум қорытындысы ретінде өңірге тартылатын инвестиция көлемінің артуы, жаңа жобалардың іске асырылуы және жаңа жұмыс орындарының құрылуы күтілуде.