«Таза Қазақстан»: Алматы облысының тұрғындары тазалық пен экологияны қолдайды

«Таза Қазақстан»: Алматы облысының тұрғындары тазалық пен экологияны қолдайды

Алматы облысында қоршаған ортаны қорғауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы белсенді жүзеге асырылуда.

Жыл басынан бері бұл акция аясындағы шараларға 220,8 мың адам мен 8 836 кәсіпорын және ұйым қатысты. Нәтижесінде 6,6 мың тонна қоқыс жиналып, 76 702 түп ағаш пен 14 мың келі түрлі ағаш тұқымдары егілді. Әсіресе, мектеп оқушылары белсенділік танытты: облыстың 429 мектебінде 11,2 мың ағаш отырғызылды.

Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың айналасын абаттандыру мен тазалау жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілді. Атап айтқанда, 3 048 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы, 55 саябақ пен сквер, 781 тарихи-мәдени нысан және 1 055 әлеуметтік нысан тазаланды. Бұл жұмыстарға 2 395 арнайы техника тартылды.

Халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында арнайы медиажоспар бекітіліп, 2025 жылдың басынан бері әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында 21 мыңнан астам материал жарияланды.

Сондай-ақ, экологиялық заңбұзушылықтарды анықтауға арналған телеграм-бот туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ресми интернет-ресурстарда, әлеуметтік желілерде, жергілікті тұрғындардың ПИК чаттарында, квазимемлекеттік сектор ұйымдарының жұмыс чаттарында, «Жетісу» телеарнасында, облыстық сайттар мен баспа басылымдарда 200-ден астам мақала жарық көрді.

Бұған қоса, облыс бойынша 43 тақырыптық баннер орнатылып, тұрғындарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға үндеді.

«Таза Қазақстан» акциясы — бұл табиғатты қорғауға немқұрайлы қарамайтын мыңдаған адамның ортақ мақсаты мен күш-жігерін біріктірген кең ауқымды бастама. Бұл жұмыс келешек ұрпақ үшін таза әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.