Ауыл мектебі — жаңа келбет, жаңа мүмкіндіктер

Ауыл мектебі — жаңа келбет, жаңа мүмкіндіктер

Талғар ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда. Кайнар ауылдық округіне қарасты Жалғамыс ауылында 900 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталып, алғашқы оқушыларын қабылдады. Ал «Айғаным» шағын ауданындағы Көктал ауылында салынып жатқан 600 орындық мектептің құрылысы да мәреге таяп қалды – білім ордасының есігі жаңа оқу жылының басында ашылады деп жоспарланып отыр.

Аудандық білім бөлімі таратқан мәліметке сәйкес, осыған дейін мыңнан астам бала көрші ауылдар мен Іле ауданына қатынап оқуға мәжбүр болған. Атап айтқанда, олар Қызыл-Ту ауылындағы №24 мектепке және Іле ауданындағы №7, 13, 24, 38 мектептерге барып жүрген. Бұл ата-аналар мен балалар үшін үлкен қиындық туғызды. Тұрғындар бірнеше рет Білім министрлігіне өз ауылдарында мектеп салу туралы өтініш жолдаған.

Мәселе «Жайлы мектеп» жобасына енгізілуінің арқасында шешімін тапты. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу бір жылға жуық уақытты алды. Құрылыс республикалық бюджет есебінен қаржыландырылып отыр. Тапсырыс беруші – «Самұрық-Қазына» қоры, мердігер ұйым – «KazSMU» ЖШС. Нысанды биылғы қазан айында тапсыру жоспарланған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 90% орындалды: қаңқасы толық аяқталған, ішкі әрлеу, инженерлік желілерді тарту және аумақты абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр.

Жаңа мектепте кітапхана, спорт залы және кең асхана қарастырылған. Ғимарат қазіргі заманның барлық талаптарына толық сәйкес келеді.