Елге үлгі болған ерлік пен еңбек құрметке ие болды

Елге үлгі болған ерлік пен еңбек құрметке ие болды

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің отырысында азаматтық батылдық пен адал еңбек лайықты бағасын алды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан облыс әкімі Серікбек Алдабергенұлы Сақайбековке Алғыс хат табыстады. Ауыл тұрғыны маусым айының соңында Алмалыбақ ауылында ит шабуылына ұшыраған 10 жасар баланы ажалдан арашалап қалды. Оқиға 30 маусым күні футбол алаңында орын алған. Баланың көмекке шақырған даусын естіп, Серікбек Сақайбеков ойланбастан көмекке ұмтылып, өз өміріне қауіп төнсе де баланы құтқарып қалған.

Облыс әкімі ерлік иесіне алғысын білдіріп, мұндай оқиғалар қоғамдағы бейжай қарамаудың азаймағанын, шынайы жанашырлықтың бар екенін көрсететінін атап өтті.

Сондай-ақ, отырыс барысында еліміздің су шаруашылығын дамытуға және халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі үшін «Алматыоблсушар» мекемесінің «Іле» өндірістік учаскесінің инженер-гидротехнигі Валентина Леонидовна Мулявко Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 4 шілдедегі №933 Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.