Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ел бірлігі» орденімен марапатталған көрнекті қоғам қайраткері Людмила Хисаевна Хочиеваны арнайы барып құттықтады. Аймақ басшысы орден иесіне Ел Президентінің атынан құттықтау лебізін жеткізіп, еліміздің бірлігі мен тұрақтылығын нығайту жолындағы сіңірген еңбегі үшін алғыс білдірді.
Бұл марапат – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы қарсаңында этносаралық келісім мен қоғамдық бірлікті нығайтуға зор үлес қосқан тұлғаларға көрсетілген жоғары құрметтің жарқын көрінісі.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы — елдегі этносаралық келісім мен бірліктің қалыптасуына ықпал еткен бұл бірегей құрылымның үш онжылдық жолын қайта саралап, оның маңызын жаңаша пайымдауға мүмкіндік береді. Бұл дата әр азаматқа Ассамблеяның дамуына өз қатыстылығын сезініп, бейбітшілік пен келісімді сақтауға қосқан үлесін түйсінуге жол ашады. Сонымен қатар, бұл мерейтой достық пен ынтымақтастықты нығайтуда Ассамблеяның әлеуеті әлі де зор екенін көрсететін маңызды кезең болмақ.
Айта кетейік, Людмила Хисаевна Хочиева – Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді мүшесі, этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосқан көрнекті қоғам қайраткері. 1959 жылы Жамбыл облысында туған. 1996 жылы «Минги-Тау» ұлттық-мәдени орталығын құрып, бірқатар қоғамдық ұйымдар мен кеңестерде қызмет етті. 2007 жылы Мәжіліс депутаты болып сайланып, жастар саясаты мен әлеуметтік жобаларды қолдауға белсенді атсалысты. ҚР Президенті Жолдауын насихаттап, заң жобаларын жетілдіруге қатысты. Еңбек сіңірген қайраткер, «Құрмет» ордені мен бірнеше медаль иегері, Алматы облысының Құрметті азаматы.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Людмила Хисаеваның қоғамдық қызметі мен азаматтық ұстанымын ерекше атап өтіп, оның өмір жолы – өскелең ұрпақ үшін үлгі екенін атап өтті.
Бұл кездесу – өңір басшылығының ардагерлерге, қоғам белсенділеріне деген құрметінің, сондай-ақ ел бірлігі мен татулығын сақтау жолындағы еңбекті бағалаудың айқын белгісі.