Биыл жазда Қонаев қаласы еліміздің ең танымал туристік бағыттарының біріне айналып отыр.
“Шомылу маусымы басталғалы бері қалаға 860 мыңнан астам адам келген. Ал маусым соңына дейін бұл көрсеткіш 1,5 миллионға жетуі мүмкін, – дейді қала әкімі Асхат Бердіханов.
Туристердің негізгі легі №5 жағажайға ағылуда. Бұл нысан бюджет пен жеке инвестиция есебінен жаңартылып, бүгінде қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орнына айналған. Апта ішіндегі күндері мұнда 2 мыңға жуық адам келсе, демалыс күндері олардың саны 6 мыңға дейін жетеді. Жағажай аумағында 127 қоқыс жәшігі мен 28 санитарлық торап қойылып, 20 жұмысшы тұрақты қызмет етеді. Демалыс күндері ғана бұл аймақтан 2,5 тоннаға жуық қоқыс шығарылады.
Сонымен қатар, биыл №6 және №7 жағажайлар сынақ режимінде ашылып, демалушыларды қабылдай бастады. Бұл учаскелерде:
Демалыс күндері бұл жағажайлардан шамамен 3 тонна қоқыс шығарылады.
Қала әкімдігінің дерегінше, бүгінде №5, №6 және №7 жағажайларында жалпы саны 75 санитарлық торап орнатылған. Бұл – жоғары келуші ағынын ескеріп, санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ететін маңызды қадам.
Алдағы уақытта барлық 8 қалалық жағажай бірыңғай стандартқа сәйкестендіріліп, жағалау сызығы толықтай жаңартылады. Жаңғыртылатын аумақтың жалпы ұзындығы – 6,1 шақырым. Ол Рауан шағынауданынан бастап, 18-шағынауданға дейінгі аралықты қамтиды. Шомылу маусымы аяқталған соң №6 және №7 жағажайларда құрылыс жұмыстары басталса, №8 жағажай жеке инвестиция есебінен абаттандырылады.
Қала аумағында коммуналдық балансқа кірмейтін тағы 140-қа жуық туристік нысан бар. Оларды жүйелеу үшін бірыңғай дизайн-код әзірленуде. Кәсіпкерлермен бірлесе отырып, сервисті, көркемдік безендіру мен инфрақұрылымды дамытуға арналған ортақ стандарттар енгізу көзделіп отыр.
2028 жылға дейін Қонаевта жалпы құны 306,4 млрд теңгеге тең 11 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жобалар аясында қонақүйлер, бассейндер, гольф-клуб пен сауда-ойын-сауық орталықтары салынбақ.
Қонаев қаласы биылғы жаздың өзінде-ақ елімізде заманауи әрі жайлы жағажайлық демалыстың қандай бола алатынын нақты көрсетіп отыр.