Алматы облысының әкімі Жамбыл ауданына жұмыс сапарымен барды

Алматы облысының әкімі Жамбыл ауданына жұмыс сапарымен барды

Бүгін Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев Жамбыл ауданына жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік маңызы бар және инфрақұрылымдық нысандардың жағдайымен танысты. Аймақ басшысы ауылдық елді мекендерді дамытуға бағытталған бірқатар ірі жобалардың іске асу барысын да бақылады.

Агро-туризмге серпін беретін инвестициялық кешен

Жұмыс сапары аясында өңір басшысы Дегерес ауылдық округіндегі «DEGERES DISTRICT» демалыс аймағында болды. Жобаны «AVanguard PRO» ЖШС жүзеге асыруда. Кешеннің жалпы аумағы 383 гектарды құрайды. Оның 18,3 гектары туристік аймаққа арналған: бассейндер, жасанды су айдындары, кемпингтер, 108 нөмірлі қонақүй, жеке демалыс үйлері және саябақ аймағы. Бұдан бөлек, жазғы балалар лагерлерін ұйымдастыру жоспарлануда. Қалған 364,7 гектар жер асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, демалыс аймағында жылыжай кешенін іске қосу көзделуде.

Облыс әкімі туристік жобаларды кешенді түрде дамыту қажеттігін атап өтті: «Осындай көрікті әрі көлік логистикасы үшін ыңғайлы аймақта балалар лагерлерін, спорттық және сауықтыру ауысымдарын дамыту қажет. Ең бастысы — жергілікті тұрғындар үшін жұмыс орындарын құру. Ауыл халқы өңірдің дамуын өз болашағымен байланыстыруы керек», — деді Марат Сұлтанғазиев.

Жобаның жалпы құны — 10,2 млрд теңге, оның 8,8 млрд теңгесі Қазақстанның Даму Банкі арқылы қаржыландырылған. 120-ға дейін тұрақты жұмыс орны ашу жоспарланып отыр. Кешенді толық іске қосу 2026 жылдың соңына жоспарланған.

Басым бағыт — білім беру

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Қарасу ауылдық округіне қарасты Еңбекшіарал ауылындағы 600 орындық жаңа мектептің құрылысымен танысты. Нысан «SAMURK-KAZYNA CONSTRUCTION» АҚ тапсырысы бойынша салынып жатыр, мердігер — «АЛЬТАИР» өндірістік кооперативі. Жобаның жалпы құны — 5,3 млрд теңге. 2025 жылы құрылысқа 3,2 млрд теңге бөлінген. Қазіргі уақытта мектепке жиһаз және қажетті жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде.

Облыс әкімі жұмыстың мерзімі мен сапасына ерекше назар аударды:

«Жаңа оқу жылы басталғанға дейін барлық құрылыс және мектеп аумағын абаттандыру жұмыстары толық аяқталуы тиіс. Балалар дайын, жайлы әрі қауіпсіз мектепке келуі керек», — деді Марат Сұлтанғазиев.

Заманауи емхана — қолжетімді медицина

Келесі нысан — Ұзынағаш ауылында салынып жатқан 250 адамды қабылдай алатын жаңа емхана болды. Құрылыс жұмыстары Алматы облысының құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша жүргізілуде. Мердігер ұйым — «AKConstruction Company» ЖШС. Жобаны авторлық және техникалық қадағалау тиісті серіктестермен жүзеге асырылуда. Құрылыс 2022 жылдың қараша айында басталған, аяқталуы 2025 жылдың күзіне жоспарланған. Жалпы құны — 5,2 млрд теңге. 2025 жылы 3,6 млрд теңге бөлінген. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 50 пайызы орындалған, жабдықтар жеткізу бойынша келісімшарттар жасалған.

Мұндай жұмыс сапарлары Алматы облысы басшылығының ауылдық аумақтарды дамытуға жүйелі түрде көңіл бөліп отырғанын көрсетеді. Жамбыл ауданы — ауыл шаруашылығы, туризм және әлеуметтік инфрақұрылым салаларында жоғары әлеуетке ие өңір. Инженерлік желілерді жаңарту, мектептер мен медицина мекемелерін салу, туристік инфрақұрылымды дамыту — тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды тетігі.