Балалар үйі тәрбиеленушілерін көшіру мәселесі бойынша түсіндірме

Балалар үйі тәрбиеленушілерін көшіру мәселесі бойынша түсіндірме

Алматы облысы білім басқармасының балалар үйі тәрбиеленушілерін көшіру мәселесіне қатысты түсініктемесі

Алматы облысы білім басқармасы Алматы қаласындағы «Арнайы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларды қолдау өңірлік орталығы» КММ ғимаратының апатты жағдайына байланысты тәрбиеленушілерді Қонаев қаласындағы жаңа заманауи Балалар үйіне көшіру туралы шешім қабылданғанын хабарлайды.

1963 жылы салынған бұл ғимарат қазіргі таңда әрі қарай пайдалануға жарамсыз деп танылды. 2024 жылы «Астанақұрылыссервис» ЖШС жүргізген техникалық зерттеу нәтижесінде тірек конструкциялардан жарықтар анықталып, инженерлік жүйелер — жылу және сумен жабдықтау желілері — толық тозғаны және қалпына келтіруге келмейтіні белгілі болды. Нысан санитариялық, өртке қарсы және құрылыс нормаларына сәйкес келмейді.

Алматы қаласындағы Балалар үйі қазіргі заман талабына сай емес: бір бөлме бір уақытта асхана, акт залы және спортзал ретінде пайдаланылған. Бұл санитарлық және педагогикалық талаптарға қайшы келіп, балалардың толыққанды дамуына шектеу қояды.

Қонаев қаласындағы жаңа ғимаратта функционалды аймақтарға бөлу қарастырылған: кіші және ересек топтар үшін бөлек асханалар, жеке спортзал мен акт залы, кең ойын, қоғамдық және демалыс аймақтары бар. Мекеме санитариялық, құрылыс және білім беру стандарттарына сәйкес салынған. Бұл балаларға қауіпсіз, жайлы өмір сүру, сапалы білім алу және жан-жақты дамуға мүмкіндік береді.

2025 жылғы 9 шілдедегі Алматы облысы әкімінің №207 қаулысы және 2025 жылғы 10 шілдедегі білім басқармасының №494-н бұйрығына сәйкес тәрбиеленушілерді кезең-кезеңімен 180 орындық жаңа Балалар үйіне көшіру жұмыстары басталды. Нысан жеке инвестициялар есебінен салынып, мемлекет меншігіне сыйға берілген. Ғимарат балалар мекемелеріне қойылатын барлық қазіргі талаптарға толық сай келеді.

Бірінші кезекте 1–4 сыныпта оқитын 44 бала көшіріледі. Жоғары сынып тәрбиеленушілерін көшіру білім беру үдерісінің тұрақтылығы мен әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ету мақсатында кезең-кезеңімен жүргізіледі.

Қазіргі таңда мекемеде 171 бала тәрбиеленіп жатыр, оның ішінде 125-і — жетім балалар, 46-сы — өмірлік қиын жағдайға тап болғандар. Мекемеде 85 қызметкер жұмыс істейді, оның 42-сі — педагогтер.

Әлеуметтік желілерде тараған жалған ақпараттарға байланысты білім басқармасы келесі түсініктемені береді:
• Барлық тәрбиеленушілер, тұрғылықты мекенжайына қарамастан, тегін медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі және белгіленген тәртіппен тұрғын үй алу кезегіне қойыла алады;
• Мекеме орналасқан жердің батпақ екені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды;
• Көшіру балалардың құқықтарын шектемейді және олардың өмір сүру жағдайларын нашарлатпайды.

Қонаев қаласындағы жаңа мекемеге көшіру балалардың қауіпсіздігін, сапалы білім мен медициналық қызметке қол жеткізуін, сондай-ақ қолайлы тұрмыс жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған.