Ұлттық Домбыра күнін мерекелеу аясында еліміздің барлық өңірінде кең ауқымды мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл мереке – дәстүрлі өнерді дәріптеуге, рухани құндылықтарды нығайтуға және жастарды ұлттық мәдениетке баулуға бағытталған.
Облыстың қала және аудан деңгейіндегі мәдениет үйлерінде, кітапханалар мен музейлерде концерттік бағдарламалар, әдеби-танымдық сағаттар, тақырыптық көрмелер және басқа да мазмұнды шаралар өтті. Мерекеге орай республика бойынша арнайы челлендж ұйымдастырылып, оған Алматы облысындағы барлық шығармашылық ұжымдар белсенді қатысты. Челленджде белгіленген кестеге сәйкес, 5 шілде күні эстафета Павлодар облысынан қабылданып, Ақтөбе облысына жолданды.
6 шілде күні Қонаев қаласында Домбыра және Астана күніне арналған салтанатты іс-шаралар өтті. Қала көшелерімен домбырашылар шеруі ұйымдастырылып, орталық саябақта көрме ашылып, мерекелік концерт өткізілді. Концерттік бағдарламаны Қазақстанның халық әртісі Секен Тұрысбековтің жетекшілігіндегі «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрі ашты. Одан әрі сахна төріне «Адырна», «Құлансаз», «Қонаев әуендері» фольклорлы-этнографиялық ансамбльдері және облыстың түрлі аудандарынан келген өнерпаздар көтерілді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: Домбыра – ұлт болмысы, халық қазынасы. «Қазақ – нағыз қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Әсіресе, өскелең ұрпақтың домбыраға деген ықыласы ерекше. Жастар төл мәдениетімізді терең түсініп, салт-дәстүрімізге құрметпен қарайды. Бұл – өте жақсы үрдіс екенін. Бұл қасиетті аспаптың жастар арасында кеңінен танымал болып келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың дәстүрлі мәдениетке деген қызығушылығын, ата-бабадан қалған мұраға деген құрметін жоғары бағалап, рухани сабақтастықтың маңыздылығына назар аударды.
Домбыра – ұлттық бірегейліктің ажырамас бөлігі, халықтың тарихы мен рухын жеткізетін тірі шежіре. Ұлттық Домбыра күнін атап өту – ұлы мұраға деген құрметтің айғағы ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақ бойында патриоттық рух пен ұлттық сана-сезімді қалыптастырудағы маңызды қадам.