Конаевтық жас жүзгіш Дубайда өтетін финалға жолдама алды

Конаевтық жас жүзгіш Дубайда өтетін финалға жолдама алды

Қонаев қаласында ашық суда жүзуден өткен халықаралық «Oceanman Kazakhstan – 2025» турнирі өз мәресіне жетті. Капшагай су қоймасы аумағында ұйымдастырылған жарысқа әлемнің түрлі елдерінен 2000-нан астам спортшы қатысты. Жарыс бес түрлі қашықтық бойынша өткізілді.

Турнирдің ерекше қатысушыларының бірі – Конаев қаласынан келген 8 жастағы Дмитрий Кремпин. Ол – Дубайда өткен Oceanman финалының күміс жүлдегері. Биыл да «OCEANKIDS» санатында 500 метр қашықтықты 10 минут 40 секундта жүзіп өтті.

«Жас ерекшелігі бойынша топта ең кішісі мен болдым. Қарсыластарымның жасы 9 бен 10-дың арасында. Биыл жеңімпаздар қатарына ене алмадым, бірақ келесі жылы міндетті түрде жеңемін деп ойлаймын. Әрдайым қолдау көрсететін ата-анама және бапкеріме үлкен рақмет», – деді Дмитрий.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстанда турнир төртінші рет өткізіліп отыр және оған деген қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Бұл бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтына деген халықтың ерекше ынтасын көрсетеді.

Биылғы жарыстың маңызды ерекшелігі – ерекше қажеттіліктері бар 15 баланың қатысуы болды. Әр балаға тәжірибелі жүзгіштен арнайы серік бекітілді. Солардың бірі – танымал заңгер Ержан Есімханов. Ол – 2019 жылы Ла-Маншты жалғыз жүзіп өткен алғашқы қазақстандық.

«Бүгін мен Тұмар Мұратқызын алып жүрдім. Ол нағыз қайсар қыз. 500 метрді сәтті жүзіп шықты. Бұл чемпионаттың басты құндылығы – ашықтығы мен қолжетімділігі. Ол әлемнің түкпір-түкпірінен келген әртүрлі жастағы және кәсіптегі адамдарды біріктіреді», – деді Ержан Есімханов.

Ересектер арасындағы INSPIRATION санатындағы 2 км қашықтықта Қазақстанның жүзуден алғашқы паралимпиада чемпионы, ұлттық құраманың капитаны Зүлфия Ғабидуллина жүлдегер атанды.

«Биыл 59 жасқа толдым. Бірақ спорттан кетуді ойлап жүрген жоқпын. Қыркүйекте Сингапурда өтетін әлем чемпионатына қызу дайындалып жатырмын. Жас спортшыларға айтарым – ешқашан тоқтамаңдар, әрқашан алға ұмтылыңдар. Бапкерлеріңізді естен шығармаңдар, олардың еңбегін бағалаңдар», – деді ол.

5 шақырымдық «HALF OCEANMAN» жарысында 20–29 жас санатында Станислав Редько жеңіске жетті. Ол – Астанада жаттықтырушы болып қызмет етеді, бұрын ашық суда жүзуден Қазақстан чемпионы болған.

«Oceanman жарысына алғаш рет екі жыл бұрын қатысқан едім. Биыл әлемнің бірнеше елінде өткен үш кезеңге қатыстым. Барлығында да жеңіске жеттім. Әрине, дайындықсыз адам үшін 5 немесе 10 шақырым қашықтықты тоқтаусыз жүзу өте қиын. Бірақ мен кәсіби спортшы болған соң, бұл – менің күнделікті тәртібім», – деді Станислав Редько.

«Мастер» санатында тәжірибелі спортшыларымыз 4 алтын медальдің үшеуін иеленді. Әйелдер арасында абсолютті жеңімпаз – Алматы қаласынан келген Ирина Лазарева. Ол – ашық суда жүзуден Қазақстан Республикасының спорт шебері, Орта Азия ойындарының күміс жүлдегері және суасты бағдарлау бойынша Әлем кубогының қола жүлдегері.

«Қонаевтағы бұл жарысқа үшінші жыл қатарынан қатысып келемін. Үш жылда да жеңімпаздар қатарынан көріндім. Қарсыластарым мықты болды, сол үшін де жеңіс ерекше құнды», – деді Ирина Лазарева.

10 км және 5 км қашықтықтарда абсолютті чемпион атанған қазақстандықтар – Лев Черепанов пен Ғазиза Құмақбаева. Ал 2 км қашықтықтағы «SPRINT» санатында жеңіске жеткендер – Біріккен Араб Әмірліктерінен Родриго Малан мен қазақстандық Таисия Короткова.

«Oceanman» – әлемнің әртүрлі елдерінде өтетін бірнеше кезеңнен тұратын халықаралық чемпионат. Қатысушылар бір ғана кезеңге не бірнеше жарысқа қатыса алады. Әр маусымның соңында финалдық жарыс ұйымдастырылады. Жүйе бойынша, әр кезеңде үздік 10 ер және 10 әйел спортшы автоматты түрде финалға жолдама алады. Биылғы финал желтоқсан айында Дубайда өтеді.