Қонаев қаласындағы №32363 әскери бөлімінде Қазақстан Республикасының Десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрылғанына 25 жыл толуына арналған салтанатты шара өтті. Мерекеге Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, әскери қызметшілер, ардагерлер мен қолбасшылық құрам қатысты.
Іс-шара жауынгер-десантшыларға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қоюмен басталды. Одан кейін саптық алаңда ресми бөлім өтіп, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Алмаз Жұмақаев бұл әскер түрінің қалыптасу тарихына тоқталды.
Алматы облысының әкімі сарбаздарды мерейтоймен құттықтап, олардың ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін атап өтті:
«Десанттық-шабуылдау әскерлері — ерлік пен төзімділіктің символы. “Бізден басқа ешкім!” деген ұран – жай ғана сөз емес, бұл – сіздердің Отан алдындағы биік жауапкершіліктеріңіздің нақты көрінісі. Баршаңызға мықты денсаулық пен амандық тілеймін», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Ресми бөлімнен кейін әскери қызметшілер қоян-қолтық ұрыстың элементтері мен жауынгерлік тәсілдерден тұратын көріністер көрсетті. Мерекелік шара концерттік бағдарламамен аяқталды.
Қазақстанда десанттық-шабуылдау әскерлері алғаш рет 2000 жылы Мобильді күштер ретінде құрылған. 2017 жылдан бастап қазіргі атауымен белгілі. Бұл – күрделі жағдайда, соның ішінде қарсылас тылында әрекет етуге қабілетті, жоғары дайындықтағы мобильді құрылым.
Қонаев қаласындағы №32363 әскери бөлімі – Десанттық-шабуылдау әскерлері құрамындағы ең байырғы бөлімдердің бірі. Оның тарихы 1948 жылдан басталады. Бөлім Тәжік-Ауған шекарасында интернационалдық борышын өтеген, халықаралық операцияларға қатысқан және Қорғаныс министрлігінің жоғары бағасына ие болған.