Алматы облысының балық шаруашылығы: орнықты даму мен инвестицияға бағыт

Алматы облысының балық шаруашылығы: орнықты даму мен инвестицияға бағыт

Алматы облысында балық шаруашылығы дамудың жаңа кезеңінде Балық шаруашылығы – аграрлық сектордың келешегі зор салаларының бірі. Бүгінде бұл бағыт Алматы облысында белсенді дамып келеді. Мемлекеттік қолдау, жүйелі тәсіл және бизнес өкілдерінің қатысуы арқасында өңір аквакультураның қазақстандық орталықтарының біріне айналу жолында нық қадам жасауда.

2025 жылы облыста балық шаруашылығын жаңғыртуға, өндіріс көлемін арттыруға, өнім сапасын жақсартуға және су ресурстарын ұтымды пайдалануға бағытталған кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы қаржылық негізді өңірлік бюджет қалыптастырып отыр — биыл саланы дамытуға 500 миллион теңге бөлінді.

Оның 300 миллион теңгесі аквакультураны дамытуға: шаруашылықтардың өнімділігін арттыруға, балық өсіру ісіне заманауи технологияларды енгізуге және тұқымдық жұмысты қолдауға бағытталды. Жылдың бірінші жартысында 169 миллион теңгеден астамы игерілді.
Қалған 200 миллион теңге – балық шаруашылығы субъектілерінің инвестициялық шығындарын ішінара өтеуге арналған. Мұндай тәсіл кәсіпкерлерді балық шаруашылықтарын салуға, кеңейтуге, жаңа өндірістер ашуға және жабдықтарды жаңғыртуға ынталандырады.

Өңір көздеген мақсат – биылдың соңына дейін 6,5 мың тонна тауарлық балық өндіру. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 20 мың тоннаға жеткізу көзделген. Қазіргі аралық нәтижелер бұл мақсаттың нақты және қолжетімді екенін көрсетеді.

2025 жылдың ортасына қарай облыста 4 488 тонна балық өсірілді, оның жартысына жуығы – 2 мың тоннадан астамы – экспортқа шығарылған. Бұл көрсеткіштер облыстың жоғары өндірістік әлеуетін ғана емес, сонымен қатар қазақстандық балық өнімдеріне шетелде де сұраныс артып келе жатқанын дәлелдейді.

Өңірде қазіргі таңда жұмыс істейтін 42 тауарлық балық шаруашылығы бар. 

Су айдындарын балықтандыруға да ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылы бұл мақсатқа 40 миллион теңге қарастырылған. Күзде жарты миллионға жуық шабақ суға жіберіледі деп жоспарланып отыр. Бұл — биоалуантүрлілікті сақтау және су ресурстарының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін маңызды қадам.

Алматы облысы балық шаруашылығының болашағын орнықты, экологиялық тұрғыдан сауатты және экономикалық тұрғыдан тиімді сала ретінде көреді. Өңір инвестициялық бастамаларды қолдауды, аквакультураның озық әдістерін енгізуді, экспорттық әлеуетті арттыруды және су ресурстарын басқаруда ғылыми тәсілді күшейтуді жалғастырады.

Балық шаруашылығы – аграрлық саясаттың бір бөлігі ғана емес, сонымен бірге облыс экономикасының өсу нүктесіне айналып келеді. Бұл сала ауылдық жерлерде бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашып, жұмыс орындарын құруда маңызды рөл атқарады.