Қоқыс полигонында бұрын-соңды болмаған су жинақтағыш резервуар салынуда

Қоқыс полигонында бұрын-соңды болмаған су жинақтағыш резервуар салынуда

Қонаев қаласының шетінде орналасқан, аумағы 30 гектарды құрайтын қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жұмыс барысымен қала әкімі Асхат Бердіханов танысты.

«Қонаев Көркейту» ШЖҚ МКК директоры Қанат Азаматовтың айтуынша, полигонда көлемі 30 текше метрді құрайтын су жинақтаушы резервуар салынып жатыр. Бұл құрылым өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған — өрт болған жағдайда су жеткізуге уақыт жоғалтпай, дереу сөндіру шараларын жүргізуге мүмкіндік береді. Бұған дейін мұндай инфрақұрылым полигонда болмаған. Сонымен қатар, өрт ошақтарын жылдам жою үшін арнайы техника тәуліктік кезекшілікке қойылады.

Санитарлық талаптарға сәйкес, полигонның айналасына қоқыстардың ұшуын және малдың кіруін болдырмау үшін ор қазылып, темір тормен қоршалуда. Белгілі бір бөліктерге бетон қоршаулар орнатылуда.

Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында полигонның алдыңғы жағы көгалдандырылады. Арнайы техникалар үшін таразы қойылып, көлік жуу аймағы жабдықталатын болады.