Экономикалық әлеует пен кіріс базасының тұрақты өсуі

Экономикалық әлеует пен кіріс базасының тұрақты өсуі

Алматы облысы құрылған сәттен бастап өңірлердің экономикалық әлеуеті мен кіріс базасының тұрақты өсімі байқалуда. Мұның айқын дәлелі – облыстық бюджетке бюджеттік алып қоюларды қамтамасыз ететін донор аумақтар санының екіден беске дейін артуы. Бұған дейін донорлар қатарына тек Іле және Қарасай аудандары кірсе, қазіргі уақытта оларға Қонаев қаласы, Еңбекшіқазақ және Талғар аудандары қосылды.

2025 жылға жоспарланған бюджеттік алып қоюлардың жалпы көлемі шамамен 298 млрд теңгені құрап отыр. Бұл көрсеткіш аталған аумақтардың салықтық әлеуетінің жоғары екендігін және облыстық бюджеттің кіріс бөлігін қалыптастырудағы рөлінің арта түскенін көрсетеді.

Алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджеттік саясатты жоспарлау аясында Жамбыл ауданын донорлар қатарына қосу көзделген. Сондай-ақ, өнеркәсіптік орталық ретінде дамып келе жатқан Алатау қаласын да болашақта осы қатарға енгізу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Осылайша, қазіргі қарқын сақталған жағдайда, облыстағы дотациялық төрт ауданнан өзге өңірлердің барлығы дерлік өзін-өзі қамтамасыз ететін және аймақ дамуына үлес қосатын донорға айналмақ.

Сонымен қатар, өңір кірістерінің тұрақты өсім көрсетіп отырғанын атап өту қажет. 2024 жылы облыс кірістері 130%-ға, яғни 120 млрд теңгеге артты. Биылғы жылы да оң динамика жалғасуда – 2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша жоспардан тыс 44 млрд теңге қосымша түсім тарту жоспарлануда.

Егер салық түсімдерінің қазіргі өсім қарқыны сақталса, 2029 жылдан бастап, яғни келесі үшжылдық кезеңнің соңына қарай, Алматы облысы тарихта алғаш рет республикалық бюджетке алып қою жүргізетін донор өңір мәртебесіне ие болуы мүмкін. Бұл өңірдің қаржылық дербестікке қадам басуы мен экономикалық тұрақтылығын нығайтудың маңызды кезеңі болмақ.