Капшағай су қоймасында OCEANMAN-2025 – Орталық Азиядағы ең ірі ашық судағы жарыс өтеді

Капшағай су қоймасында OCEANMAN-2025 – Орталық Азиядағы ең ірі ашық судағы жарыс өтеді

5–6 шілде күндері Капшағай су қоймасында OCEANMAN-2025 халықаралық жүзу жарысы бастау алады. Бұл – Орталық Азия аумағындағы ең ірі ашық суда өтетін жарыс. Жарысқа 18 елден 2 050 спортшы қатысады. Олардың қатарында Үндістан, Франция, Италия, Ұлыбритания, БАӘ және Малайзия елдерінің өкілдері бар.

Жарыс бес түрлі қашықтық бойынша өтеді — балалар санатынан бастап ересектерге дейін:
• OCEANMAN (10 км) — 300 қатысушы
• HALF OCEANMAN (5 км) — 400 қатысушы
• SPRINT (2 км) — 800 қатысушы
• OCEANKIDS (500 м) — 500 бала
• OCEANTEAM (эстафета 3×500 м) — 90 адам

Биыл ерекше назар INSPIRATION санатына аударылды. Ерекше күтімді қажет ететін 15 бала өз қамқоршыларымен бірге суға түсіп, жарысқа қатысады. Олардың арасында алғашқы OCEANMAN қатысушысы болған Қазақстандық заңгер Ержан Есимханов та бар. Бүгінде ол жас буынды қолдап келеді.

– OCEANMAN – бұл тек спорт емес, бұл – бірлік, инклюзия және рухты жарыс. Осындай ауқымды, дайындық деңгейіне қарамастан баршаға ортақ шараны Алматы облысының қабылдағанына қуаныштымыз, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рахман Шахарбек.

Іс-шара Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен өтеді. Алғаш рет шетелдік қонақтар үшін ұйымдастырушылар Алматыда Culture Day – Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрімен танысу күнін өткізеді.

Жарыс Heaven Club демалыс аймағында болады.