Астана күніне орай Алматы облысында әлеуметтік маңызы бар бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Қарасай ауданында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған бастама.
Аудан әкімдігінде өткен салтанатты шара барысында 37 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталды. Салтанатты рәсімге қатысқан Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов жиналғандарды елорда күнімен құттықтап, ауданда атқарылып жатқан әлеуметтік бастамаларға тоқталып, жаңа қоныс иелеріне тұрғын үй кілттерін табыс етті.
Жаңа пәтерлер «Арнау» және «Сәукеле» ықшам аудандарынан берілді. Баспанаға қол жеткізгендер қатарында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы және толық емес отбасылар бар.
Соңғы он жылда халық саны 120 мыңнан астам адамға артқан Қарасай ауданына ерекше назар аударылып отыр. Ауданда инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, электрмен және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға бағытталған жобалар 16 елді мекенді қамтып отыр. Бұл мақсатта 5,7 млрд теңгеге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, республикалық бюджеттік комиссияға қаржыландыруға өтінім жолданды.
Жалпы, Алматы облысында құрылыс саласы серпінді дамып келеді. 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында құрылыс жұмыстарының көлемі 28,7%-ға өсіп, 955 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 960 мың шаршы метр баспананы тапсыру жоспарланып отыр. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдау мақсатында 2023 жылы 442 отбасы тұрғын үймен қамтылды.
Сонымен қатар, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың мәселесін шешу мақсатында «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» тарапынан 22,1 млрд теңгеге облигациялар шығарылып, 1331 пәтерді сатып алу жоспарланған. Бұдан бөлек, бюджет саласының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер мен спортшылар үшін арнайы «Алатау» өңірлік ипотекалық бағдарламасы іске қосылды. Аталған бағдарлама аясында 3,1 млрд теңге бөлінген.
Алдағы уақытта да тұрғын үймен қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғастырылады.