Ауыл шаруашылығы Алматы облысы экономикасындағы дәстүрлі маңызды салалардың бірі саналады. Соңғы жылдары бұл сала аймақтың дамуындағы негізгі драйверлердің біріне айналып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, халықты жұмыспен қамтуға және экспорттық әлеуетті арттыруға зор үлес қосуда. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 679,2 млрд теңгені құрап, өңірлік жалпы өнімнің 7%-ын иеленді.
Алматы облысы бірқатар бағыттар бойынша республикада жетекші орын алады: ет өндіру, өрік өсіру және құс шаруашылығы бойынша – бірінші орын, қант қызылшасы, қызанақ, қияр және орамжапырақ өсіру бойынша – екінші орын, ал ұсақ мал басы бойынша – үшінші орында. АӨК өнімдерінің экспорты 38,7%-ға өсіп, 391,4 млн АҚШ долларына жетті.
Сүтті мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылуда. Биыл Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесіне сүйене отырып және республикалық бюджеттен бөлінген 15 млрд теңге есебінен 13 сүт-тауарлы ферманы құру жобасы жүзеге асырылуда. Олардың ішінде 11 жоба биыл іске қосылып, 7 100 бас ірі қара мал қамтылады. Бұл өңірдің өндірістік әлеуетін айтарлықтай арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірнеше инвестициялық жобалар іске асырылуда:
Кеген ауданында жылына 3 000 тоннаға дейін ет өңдейтін «Кеген МясПром» ЖШС-нің ет комбинаты іске қосылды. Кәсіпорын жыл сайын 330 тоннадан астам шұжық өнімдері мен 70 тоннаға дейін консерві шығарып, 50 тұрақты жұмыс орнын ұсынады;
Балқаш ауданында 200 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы салынды, Еңбекшіқазақ ауданында бар алаң 1 500 басқа дейін кеңейтілді;
Талғар ауданында жылына 350 тонна жаңа піскен көкөніс өндіретін жылыжай кешені жаңғыртылды.
Ірі инвестициялық бастамалардың қатарында:
жылына 21 мың тонна картоп өңдейтін және 350 жұмыс орны құрылатын «PepsiCo Central Asia» ЖШС-нің зауытының құрылысы;
жылына 5 млн тоннаға дейін қант өңдеп, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Иран және басқа елдерге экспорттайтын Al Khaleej Sugar қант зауыты жобасын іске асыру;
AGRIFARM CO., LTD және Human Capital компанияларының 290 млн АҚШ доллары көлеміндегі инвестициямен терең астық өңдеу бағытындағы агроөнеркәсіптік паркінің ашылуы бар.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу және суармалы инфрақұрылымды кеңейту мәселелері жүйелі түрде шешілуде. Облыстың әкімшілік бөлінуінен кейін су шаруашылығы нысандарын жаңғырту қарқынды жүргізілуде. Қонаев қаласы мен 8 ауданда суару жүйелерін қалпына келтіруге бағытталған 12 жоба іске асырылып жатыр. 2022 жылы осы жұмыстарды үйлестіру үшін Су ресурстары және ирригация басқармасы мен «Алматыоблводхоз» ШЖҚ МКК құрылды. Қазіргі уақытта бұл мекемеде шамамен 200 қызметкер еңбек етуде.
Су инфрақұрылымын жаңғырту жолындағы маңызды қадам – 2024 жылы Мемлекет басшысының Ислам даму банкімен 165,8 млн АҚШ долларына келісімге қол қоюы болды. Оның ішінде 260,3 млрд теңге Алматы облысындағы жобаларға бағытталды. Бірінші кезеңде Балқаш, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарында 825 км суару желісі қайта жаңғыртылып, 57 мың гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына енгізіледі. Екінші кезеңде 169 млрд теңгеге бес ауданда тағы 1 575 км желі қалпына келтіріледі.
2022–2025 жылдар аралығында облыста 1,1 млн гектар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері анықталып, олардың 445,5 мың гектары мемлекеттік меншікке қайтарылды.
Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруда «Ауыл аманаты» бағдарламасының маңызы зор. Ол жеке қосалқы шаруашылықтар мен кооперацияны дамытуға бағытталған. Екі жыл ішінде бағдарлама аясында 11 млрд теңгеге 1 360-тан астам микрокредит берілді. Бұл ауыл тұрғынының орташа табысын 2023 жылғы 254 мың теңгеден 2024 жылы 312 мың теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік берді. Биыл қосымша 2,5 млрд теңгеге 270 микронесие беру жоспарланып отыр.
Алматы облысында ауыл шаруашылығын дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді. Бұл өңірдің тұрақты дамуына, халықтың өмір сүру деңгейінің артуына және экономикалық дербестіктің нығаюына ықпал етуде.