Алматы облысында Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шара аясында дәстүрлі «Самғау» шығармашылық байқауының жаңа маусымы ресми түрде басталды. Бұл маңызды оқиға өңір журналистері үшін басты сәттердің біріне айналып, түрлі аудандар мен қалалардан келген қаламгерлердің басын қосты.
«Самғау» – аймақтық журналистиканы дамытуға, кәсіби шеберлікті арттыруға және қоғам өмірінің маңызды тақырыптарын көтеріп жүрген авторларды қолдауға бағытталған жыл сайынғы шығармашылық байқау. 2025 жылғы маусымда байқау тақырыптық аясын кеңейтіп, дәстүрлі номинациялармен қатар ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, инвестиция, білім, әлеуметтік сала және өзге де өзекті бағыттарды қамтиды.
Кәсіби мерекемен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев құттықтады. Өз сөзінде ол журналистердің өңір дамуына қосып отырған үлесіне ерекше тоқталды:
«Ақпарат саласында жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік. Дәл сіздер ел ішіндегі маңызды оқиғаларды халыққа жеткізіп, қоғамдағы ойды қалыптастырасыздар. „Самғау“ байқауы – сіздердің еңбектеріңізге берілген жоғары баға әрі алдағы шығармашылық табыстарға жол ашатын мотивация», – деді өңір басшысы.
Салтанатты жиын аясында 30-ға жуық журналист түрлі марапаттарға ие болды. Мемлекеттік, ведомстволық және өңірлік деңгейдегі ордендер, медальдар, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды.
Іс-шара соңында қатысушылар назарына жақын арада өз жұмысын бастайтын жаңа өңірлік телестудия – «Qonaev Media» туралы бейнеролик ұсынылды. Бұл телестудия алдағы уақытта жергілікті журналистер үшін тағы бір маңызды шығармашылық алаңға айналмақ.