2025 жылғы 26 маусымда Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов жұмыс сапарымен Алматы облысына келді. Сапар аясында ол Қонаев қаласының тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында вице-министр өңірдің отын-энергетика кешенінің қазіргі жағдайы туралы айтып, жылумен қамту, газдандыру және электрмен жабдықтау мәселелері бойынша тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
Қала тұрғындары газдандыру деңгейі, ЖЭС-3 жөндеу жұмыстарының барысы және жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Бұл сұрақтарға нақты әрі жан-жақты жауаптар берілді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласына арналған дизель отынын жеткізу және сұйытылған мұнай газына қолжетімділік мәселелері де талқыланды.
Әлібек Жамауов өңірдің жаңартылатын энергия көздерін дамытудағы әлеуетіне де тоқталып, бұл бағыттағы барлық жобалардың Үкіметтің тұрақты бақылауында екенін атап өтті.
Сапар аясында азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылды.
Вице-министрдің бұл сапары өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.