Азаматтардың қаржылық қауіпсіздігі: цифрлық дәуір сын-қатерлері және оған қарсы іс-қимыл шаралары

Азаматтардың қаржылық қауіпсіздігі: цифрлық дәуір сын-қатерлері және оған қарсы іс-қимыл шаралары

Соңғы уақытта Қазақстанда қаржы пирамидаларына, заңсыз онлайн-казиноларға және «оңай әрі жылдам табыс» түрінде ұсынылатын күмәнді қаржылық құрылымдарға тартылған азаматтардың саны артып келеді. Бұл жағдайдың басты себептері – халықтың қаржылық және цифрлық сауаттылығының төмендігі мен экономикалық қысымның күшеюі. Мұндай қаржылық қақпанға түсу тек материалдық шығындарға ғана емес, кейбір жағдайларда қылмыстық жауапкершілікке де алып келуі мүмкін.

Қазіргі алаяқтық схемалар көбіне инвестициялық платформалар, экологиялық цифрлық жобалар немесе жоғары технологиялы стартаптар түрінде бүркемеленіп ұсынылады. Бұл құрылымдардың өміршеңдігі жаңа қатысушылардың үнемі тартылуына тәуелді, ал қаржы ағыны азайған сәтте жүйе бірден құлдырайды.

Осы өзекті мәселелер «AFM online 2025: XXI ғасырдың қаржылық триггерлері» атты форумда талқыланды. Іс-шара Қонаев қаласының Мәдениет үйінде өтті. Форумды мемлекеттік органдардың, бюджеттік мекемелердің, қоғамдық белсенділер мен құқық қорғау органдарының, сондай-ақ медиа саласының өкілдері ұйымдастырды. Форумға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, мәслихат депутаттары, денсаулық сақтау, білім, экономика салалары мен Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері қатысты.

Өз сөзінде облыс әкімі азаматтардың күмәнді схемаларға тартылуына олардың жылдам байып кетуге деген ұмтылысы себеп екенін атап өтті. Бұл үрдіске микрокредит беру көлемінің өсуі мен халықтың қарыздық жүктемесінің артуы да әсер етуде.
—" Адамдар бұрынғы несиесін жабу үшін жаңасын алады, онлайн-казиноларға қатысады немесе қаржы пирамидаларына енеді. Алайда мұндай әрекеттердің арты ауыр құқықтық салдарға әкеп соғуы мүмкін", — деді Марат Сұлтанғазиев.

Сонымен қатар, ол жергілікті атқарушы органдар жаңа жұмыс орындарын құру және шетелдік, отандық инвесторларды тарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Алайда жастар мен әлеуметтік осал топтар арасында қаржылық сауаттылықты арттырмайынша, бұл мәселені түбегейлі шешу мүмкін емес.

Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің басшысы Данияр Ақжанов цифрлық трансформация жағдайында алаяқтар заманауи технологияларды заңсыз схемаларды жүзеге асыру құралына айналдырып отырғанын жеткізді.
— "Біз қаржылық сауатсыздықтың салдарымен күн сайын бетпе-бет келеміз: заңсыз инвестициялық жобалардан бастап несие беру саласындағы заңбұзушылықтарға дейін. Бүгінде басты ресурс – білім. Мемлекет басшысы атап өткендей, экономика мен қаржы негіздерін меңгеру, цифрлық дағдыларға ие болу – өмірлік қажеттілікке айналды", — деді ол.

Форумда қатысушылар ерекше назарды «дроппер» деп аталатын тұлғаларға — яғни өздерінің жеке деректерін немесе банк карталарын қылмыскерлерге пайдалануға берген азаматтарға аударды. Көп жағдайда олар өз рөлін толық түсінбей, оңай табысқа қызығып келісім береді. Алайда бұл әрекеттер қылмыстық іске қатысы бар деп бағаланып, Қазақстанда ондап саналатын жастар нақты сот үкімдерімен бас бостандығынан айырылды.

Форумға 200-ге жуық қатысушы жиналды. Шара барысында криптовалюталық пирамидалар, әлеуметтік желілердегі фейк ұсыныстар, жасанды интеллект арқылы жасалған жалған сайттар мен бейне-аудио материалдар сияқты цифрлық алаяқтықтың өзекті түрлері қарастырылды.

Қазақстанда мұндай заңсыз схемалармен күрес бірнеше деңгейде жүргізілуде. 2024 жылдың өзінде қаржы пирамидаларын құру деректері бойынша 82 қылмыстық іс қозғалып, келтірілген залал көлемі 5,4 млрд теңгеден асты. Сонымен қатар, халық арасында ақпараттық-түсіндіру және оқыту шаралары да жүзеге асырылуда. Қаржы министрлігінің дерегі бойынша өткен жылдың күзінде еліміздің қалалары мен ауылдарында 5 мыңнан астам азамат арнайы оқудан өтті.
Fingramota Online секілді онлайн платформалар азаматтарға пирамидаларды тану тәсілдері мен әрекет ету алгоритмдері туралы сенімді ақпарат ұсынады.

Форумға қатысушылар қоғамда қаржылық қауіпсіздік дағдыларын, сыни ойлауды және ақпараттық гигиенаны қалыптастырудың маңызын атап өтті. Қаржылық қауіпсіздік – бұл тек пайыздық мөлшерлемелер мен экономикалық терминдерді білу ғана емес. Бұл – ақпаратты тексере білу, тәуекелдерді бағамдау және қажет кезде көмекке жүгіну қабілеті. Осы тәсіл ғана ниеті жаман адамдардың арбауына түсіп қалудан қорғай алады.