Алматы облысында 1,3 трлн теңгеге 35 ірі жоба жүзеге аспақ – өнеркәсіп пен логистика жаңа кезеңге өтті

Алматы облысында 1,3 трлн теңгеге 35 ірі жоба жүзеге аспақ – өнеркәсіп пен логистика жаңа кезеңге өтті

2025 жылы Алматы облысында өнеркәсіп, логистика және агроөнеркәсіп кешені салаларында жалпы сомасы 1,3 трлн теңгені құрайтын 35 ірі инвестициялық жоба іске асырылмақ. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.

Аталған жобалардың қатарында Pepsico зауытының құрылысы, LC Waikiki көтерме-бөлу орталығы, Qazaq Global Food қайта өңдеу зауыты, сондай-ақ Kusto Logistics, MP Solution, Oasis Logistics, Еуразиялық логистикалық парк сынды индустриялық және логистикалық хабтардың дамуы бар. Бұл бастамалар өңірдің экономикалық іргетасын нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған.

2024 жылы облыстағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,9 трлн теңгені құрап, 23 жаңа өндірістік нысан пайдалануға берілді. Олардың ішінде өңірдегі ең ірі өндіріс орындарының бірі – KT&G темекі фабрикасы да бар. Сонымен қатар, қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғырту мен кеңейту нәтижесінде 800-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды.

Қытай мен Қырғызстанмен шекаралас аумақта орналасуының арқасында Алматы облысы өңірлік транзит пен логистиканың маңызды орталығына айналуда. Бүгінгі таңда облыс аумағында жалпы ауданы 1786 гектарды құрайтын 4 индустриялық аймақ жұмыс істеп тұр, тағы 2 аймақтың құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, «Alatau» арнайы экономикалық аймағында инвесторларға жеңілдіктер ұсынылуда.

Жалпы, облыста жалпы құны 6,2 трлн теңгені құрайтын 215 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде Қытай капиталының қатысуымен іске асырылатын 1,9 трлн теңгелік 34 жоба бар. Бұл жобалар өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені, жасыл энергетика және су шаруашылығы салаларын қамтиды.

Соңғы екі жылда облыс әкімі басшылығымен Қытайдың 14 өңіріне 5 жұмыс сапары ұйымдастырылып, 70-тен астам кәсіпкер, 100-ден астам екіжақты кездесу, 30-дан астам меморандумға қол қойылды.

Инвестициялық жобалардың белсенді жүзеге асырылуы, инфрақұрылымның дамуы және бизнеске жасалып жатқан қолдау шаралары Алматы облысын елдегі жетекші индустриялық және логистикалық орталықтардың біріне айналдырып келеді.