Алматы облысы Талғар ауданы Жаңалық ауылында 900 орындық жаңа мектептің салтанатты ашылуы өтті. Бұл нысан – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген білім беру мекемелерінің бірі.
Салтанатты шараға Алматы облысының әкімінің орынбасары Болат Күренбеков қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа мектептің ашылуымен құттықтады.
- «Президентіміздің: “Біз Қазақстандағы барлық балалардың бақытты болашағын қамтамасыз етуіміз керек” деген сөзі – бүгінгі шараның мәнін айқындайды. Аталған жоба шеңберінде өңірде 26 мектептің құрылысы жоспарланып, оның 9-ы өткен жылы пайдалануға берілді. Бұған қосымша, жеке инвестициялар есебінен 4, ал жергілікті бюджет есебінен тағы бір мектеп пен жапсаржай іске қосылды. Осы арқылы үш ауысымды мектептердің саны 52-ден 30-ға дейін қысқарды. Биыл тағы 17 жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде», – деді Болат Күренбеков.
Жаңалық ауылында ашылған 900 орындық мектеп жаңа стандарттарға сай жабдықталған. Мұнда оқу кабинеттері, инклюзивті білім беру орталығы, кітапхана, шеберхана, робототехника мен STEM бағытындағы сыныптар, спорт залы, асхана және мәжіліс залы бар. Жаңа нысан үш ауысымды оқыту мәселесін шешеді.
Мектептің құрылысын «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы жүзеге асырып, бас мердігер ретінде «AK Construction» компаниясы жұмыс жүргізді. Облыс әкімі аталған компанияларға алғысын білдіріп, білім беру саласындағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
- «Бала – ел болашағы. Сапалы білім – табысты ұлттың негізі. Бүгінгі ашылып отырған жаңа мектеп – ұрпақ игілігі үшін жасалып жатқан нақты қадам», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Салтанатты рәсім аясында лента қию, дарынды оқушылардың көрмесі және жаңа ғимаратпен танысу іс-шаралары өтті.