Алматы облысы Кеген ауданының көрікті Кәркара жайлауында ұлттық дәстүрлерді жаңғыртатын ірі мәдени іс-шара – «Қымызмұрындық-2025» этнофестивалі өтті. Оның аясында республикалық «Жолан жүйрігі» ат жарыстары ұйымдастырылды. Елдің әр өңірінен және жақын шетелдерден келген тоғыз мыңға жуық қонақты қарсы алған бұл шара қазақ халқының салт-дәстүрлерінің қайта түлеуінің жарқын көрінісіне айналды.
«Қымызмұрындық» фестивалі – жаз жайлауына көшкен соң алғашқы қымыз сапыру рәсіміне негізделген көне дәстүр. Бұл ғұрып молшылықтың, табиғатқа деген құрметтің және қонақжайлықтың белгісі ретінде қарастырылған. Фестиваль барысында бұл дәстүрлер толық сақталып, кимешек киген әжелер шашу шашып, бауырсақ пен бал қымыз ұсынып, келушілерді төрге шығарып қарсы алды. Қонақтарға ұсынылған емдік сусыннан шамамен 100 бөшке дайындалған.
Фестиваль салтанатты театрландырылған қойылыммен ашылып, 50 шабандоздан құралған салт атты шерумен жалғасты. Шеруді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері Омар Қиқым бастап, дәстүрлі бата берді.
Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Абдрахим шараға қатысушыларға арнаған сөзінде: — «Қымызмұрындық» – халқымыздың рухани коды. Қымыз – жай ғана сусын емес, ол ғасырлар бойғы өмір салты мен философияны бейнелейді. Бұл мереке адамдарды біріктіріп, көршілік пен достықты нығайтады. Шара аясында Жолан Омарұлына арналған бәйге мен ұлттық спорт сайыстары өткізіледі, – деп атап өтті.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Құрмет грамоталары Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков пен «ASK Capital» ЖШС өкілі Сырым Күлбаевқа табысталды.
Фестивальдің құрметті қонақтары қатарында Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысы Түп ауданының әкімі Канибек Абиев, ҚР Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Күлкенов, қоғам қайраткері Тоққожа Естенов және Республикалық аналар кеңесінің төрайымы Назипа Ыдырысқызы болды.
Жолан Омарұлының әкесі Ыбырайақын аға ұйымдастырушылар мен Кеген жұртшылығына алғысын білдіріп, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен аудан әкімі Нұрбахыт Теңізбаевқа ризашылығын жеткізді.
Фестиваль аясында Кеген ауданының ауылдары киіз үйлер тігіп, этноауылдар құрды. «Ауыз тию» салттық рәсімі өткізілді. Ауданның ақсақалы Жетен ата бата беріп, келіні Айнарa бие сауу процесін көрсетті.
Қонақтар киіз басу, кілем тоқу, ұн тарту, көрпе тігу және қымыз дайындау бойынша шеберлік сабақтарына қатысты. Жалаулы ауылының тұрғыны Толқын Қалдыбайқызы 150 литр қымыз әкеліп:— Біздің қолда 12 бие бар. Қымыз – шипалы, табиғи сусын. Оны газды сусындармен салыстыруға келмейді, – деді.
Ауыл шаруашылығы техникалары мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. «Беларусь Агро Техника» компаниясы өз тракторларын тиімді лизинг шартымен ұсынды. Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Абдрахим жаңа техникалардың кілттерін жергілікті шаруаларға табыс етті. Олардың бірі – «Ерген» шаруашылығының төрағасы Рақымжан Абдрахманов: — Мұндай күнде техника алу – үлкен қуаныш. Бұл фестиваль – жастарға үлгі болатын, дәстүрлерге қайта оралудың жарқын мысалы, – деді.
Мерекелік көңіл-күйді Рамазан Стамғазиев, Алтынбек Қоразбаев, Бейбіт Мусаев, Нұрболат Абдуллин, Бейбіт Қорған секілді белгілі әншілер мен «Алатау серілері», «Абырой» ансамбльдері және Сүйінбай атындағы филармонияның әртістері жандандыра түсті.
Кеген ауданының әкімі Нұрбахыт Теңізбаев фестивальдің ұлттық мұра, дәстүрлі спорт, ауыл еңбегі мен ішкі туризмді дәріптеудегі мәдени маңыздылығын атап өтті.
Фестиваль аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті: қыз қуу, бөрене көтеру, қазақ күресі, теңге ілу, жамбы ату, «Толағай» палуандар сайысы, 15 келі қымыз ішуден жарыс және «Топжарған» шоу бағдарламасы.
Жетісу өңірінің тұрғыны Айдын Нұғыманов 120 келілік қошқарды көтеріп, осымен 35-рет жеңімпаз атанды.
Фестивальдің басты көрінісі – республикалық «Жолан жүйрігі» бәйгесі болды. Жарыстар 9 км (құнан бәйге), 18 км (топ бәйге) және 31 км (аламан бәйге) қашықтықтарында өтті. Бас жүлдеге екі автокөлік пен 5 миллион теңгеге дейінгі ақшалай сертификаттар тігілді.
Аламан бәйгеде Жамбыл облысынан Айдар Нұрмұхамбетовтың «Айбалта» атты тұлпары мәре сызығын бірінші кесіп, Changan автокөлігін жеңіп алды.
Топ бәйгеде Алматы облысынан Магауия Қазбековтың «Калкаман» атты аты бірінші келіп, ол да Changan автокөлігіне ие болды.
Құнан бәйгеде Қырғыз Республикасынан Сталбек Жаманқұловтың «Роки» атты тұлпары жеңімпаз атанып, 2 миллион теңгелік сертификатпен марапатталды.
«Қымызмұрындық-2025» фестивалі ұлттық мұраны құрметтеу мен ұрпақтар сабақтастығын дәріптейтін тағылымды іс-шара ретінде ел есінде қалды.