«Samruk-Kazyna Trust» қоры ерекше балаларға арналған инклюзивті спорттық-шығармашылық лагерь ұйымдастыруда

«Samruk-Kazyna Trust» қоры ерекше балаларға арналған инклюзивті спорттық-шығармашылық лагерь ұйымдастыруда

«Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен ерекше білім беру қажеттіліктері бар 250 бала мен олардың ата-аналарына арналған «Sheksiz Mümkindikter» инклюзивті лагері басталды. Алғашқы маусым Алматы облысында өтіп, 50 отбасы қатысқан. Алты күн бойы балалар бейімделген спорт түрлерімен (бочча, тетербол, футбол, корнхол, садақ ату) айналысып, робототехника, аспаздық, гипс пен балауыздан бұйым жасау және сурет салу бойынша шығармашылық шеберлік сабақтарына қатысты. Сонымен қатар мотивациялық кездесулер, психологтармен кеңесулер мен ата-аналарды балалардың дамуына тартатын бірлескен іс-шаралар ұйымдастырылды.

«Бұл жоба – жай ғана лагерь емес. Бұл – әр баланың дамуына, дос табуына, өз әлеуетін ашуына мүмкіндік беретін инклюзивті қоғам құруға бағытталған маңызды бастама. 2022 жылдан бері бұл жоба 650-ден астам ерекше баланы қамтыды. Биыл біз сондай-ақ 400 бала Қазақстанның әр өңіріндегі мәдени және өндірістік нысандарға сапар шегетін «Туған елге саяхат» атты кәсіби бағдарлау пойызын іске қосамыз», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.

Ата-аналар мұндай форматтағы лагерьлердің маңыздылығын ерекше атап өтуде, себебі көпшілік лагерьлер мен санаторийлер ерекше қажеттіліктері бар балаларға бейімделмеген. Қор қолдауымен үшінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келе жатқан бұл жоба ДЦП, аутизм, көру қабілетінің бұзылуы, психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі, тірек-қимыл аппаратының зақымдануы сияқты диагноздары бар 650-ден астам баланы қамтыды.

2025 жылы лагерь жаңа форматта өтуде: Алматы және Ақмола облыстарында бес алтыкүндік ауысым ұйымдастырылады. Қонаев қаласындағы демалыс орнында үш спорттық ауысым өтсе, Бурабайда екі шығармашылық ауысым болады. Бағдарлама балалардың физикалық, эмоционалдық және әлеуметтік дағдыларын дамытуға, сондай-ақ отбасылық байланыстарды нығайтуға бағытталған кешенді шараларды қамтиды.

Жоба инклюзивті орта қалыптастыруға ықпал етеді: мұнда балалар өз қабілеттерін дамытып, ал ата-аналар қажетті білім мен қолдау алады. Лагерьден кейін де жұмыс жалғасады – спорттық секциялар, шығармашылық үйірмелер мен әлеуметтік бейімделу бағдарламалары жүзеге асады.

Инициатива «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржылық қолдауымен және Орталық Азиядағы «ДЦП Life» қорының серіктестігімен жүзеге асырылуда.