Алматы облысында жүгеріні терең өңдеу саласында ауқымды инвестициялық жоба іске асырылуда

Алматы облысында жүгеріні терең өңдеу саласында ауқымды инвестициялық жоба іске асырылуда

Қытайлық "Yili Chuanning Biological Co." компаниясы Қазақстанда жүгеріні терең өңдеу саласында ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асыруда.

«Қытай – Орталық Азия» атты екінші Индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы аясындағы маңызды оқиғалардың бірі – Алматы облысының әкімдігі мен Қытайдың "Yili Chuanning Biological Co." компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды.

Алматы облысының әкімдігі агроөнеркәсіптік секторға стратегиялық инвесторларды тарту бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастырып келеді. Осы бағытта Қытайдың жетекші биофармацевтикалық кәсіпорындарының бірі – "Yili Chuanning Biological Co." Еңбекшіқазақ ауданында жүгері мен бидайды терең өңдеуге бағытталған инвестициялық жобаны іске асыруды бастады.

Жоба аясында заманауи биотехнологиялар енгізіліп, аминқышқылдар, пробиотиктер мен биологиялық ыдырайтын материалдар (оның ішінде қаптама және медициналық бұйымдар) өндірілмек. Жалпы инвестиция көлемі – шамамен 500 миллион АҚШ доллары. Жобаның жылдық өндірістік қуаты – 400 мың тонна жүгері мен 500 мың тонна бидай, ал құрылатын жаңа жұмыс орындарының саны 1 000 адамға дейін жетуі мүмкін.

Кәсіпорын «Шелек» индустриялық аймағында орналасады. Қазіргі уақытта компания мамандары жобаны кезең-кезеңімен іске асыру стратегиясын әзірлеумен қатар, өндірістік алаңның инфрақұрылымы, логистикасы және экономикалық параметрлері бойынша кешенді талдау жұмыстарын жүргізіп жатыр.