Серіктестікке бастар «Алтын көпір»: Алматы облысы Қытайда инвестициялық әлеуетін таныстырды

Серіктестікке бастар «Алтын көпір»: Алматы облысы Қытайда инвестициялық әлеуетін таныстырды

Қытай Халық Республикасының Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданында Алматы облысы делегациясының қытайлық бизнес қауымдастығымен іскерлік кездесуі өтті. Бұл сапар – Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестікті дамытудың маңызды кезеңі болып, Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі саналатын Алматы облысының инвестициялық мүмкіндіктеріне баса назар аударылды.

Инин және Хочэн қалаларында өткен таныстырылымдар аясында қытайлық әріптестерге өңірдің өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешені, логистика және туризм салаларында өзара іс-қимыл жасауға арналған стратегиялық бағыттар таныстырылды. Делегация шетелдік инвесторларға ұсынылатын мемлекеттік қолдау тетіктері, салықтық жеңілдіктер мен инвестициялық жобаларды іске асыруда ашылатын мүмкіндіктер туралы кеңінен ақпарат берді.

Қытайлық бизнес өкілдері тұрғын үй және коммерциялық құрылыс салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға айрықша қызығушылық танытты. Олар өңірдегі қолайлы іскерлік ахуалды, экономиканың тұрақты өсімін, ашық нормативтік ортаны және инвестициялық бастамаларға кешенді сүйемелдеу көрсетілетінін жоғары бағалады.

Сапар аясында туризм саласына да ерекше назар аударылды. Қазақстандық делегация Хочэн аймағындағы туристік инфрақұрылым нысандарымен танысты. Олардың қатарында көркем аспалы көпір, абаттандырылған тау соқпақтары мен органикалық косметика өндірілетін лаванда алқабы бар. Бұл нысандар Алматы облысындағы – Қонаев, Жаланаш және Шарын өңірлерінде ұқсас жобаларды іске асыру үшін шабыт көзіне айналды.

Тараптар Қазақстандағы туристік кластерлерді дамытуға қытайлық инвесторларды тарту мүмкіндіктерін талқылады. Қытайлық серіктестердің Алматы облысына алғашқы танысу сапары биылғы шілде айына жоспарланып отыр.

Аталған кездесу тікелей іскерлік байланыстар орнатуға және басым салалардағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге арналған маңызды алаңға айналды. Бұл – Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара тиімді серіктестіктің жаңа көкжиектерін ашатын маңызды бастама.