Алматы облысында үш ауысымды оқытуды жою және оқушы орындарының тапшылығын шешу мақсатында "Келешек мектептері" жобасы аясында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
2024-2025 оқу жылында облыстағы 437 мемлекеттік мектепте 352 856 оқушы білім алған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 059 оқушыға артық.
2024 жылы "Жайлы мектеп" жобасы шеңберінде 11 100 оқушыға арналған 9 мемлекеттік және 3 275 орындық 3 жекеменшік мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Ал 2023 жылы 14 400 орындық 14 мектеп салынған болатын. Нәтижесінде үш ауысымды мектептердің саны 52-ден 30-ға дейін азайған.
Облыс аумағында 17 мектептің құрылысы жалғасуда. Соның ішінде, Қарасай ауданындағы "Асыл арман" тұрғын үй кешенінде жекеменшік инвестордың қаражаты есебінен 2 000 орындық мектеп салынып жатыр. Құрылыс 2025 жылдың қыркүйегінде аяқталады деп жоспарланған.
Сондай-ақ Іле ауданына қарасты Өтеген батыр, Байсерке және А.Тоқпанов ауылдарында әрқайсысы 1 500 орынға арналған мектептердің құрылысы 2025-2026 жылдарға жоспарланып отыр.
Спикердің айтуынша, бұл бастама – елдің білім беру жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеруге арналған нақты қадам. "Келешек мектептері" жобасы өскелең ұрпаққа қолайлы әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастырудағы маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтті.
- "Келешек мектептері – бұл жай ғана мектеп ғимараттары емес, бұл – болашаққа жасалған берік инвестиция. Білім – ұлттың іргетасы, ал бұл мектептер сол іргетасты нығайтатын басты тірек болмақ," – деді Алматы облысы білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева.