Райымбек ауданындағы бөгет құрылыстарындағы заңбұзушылықтарды тексеру тапсырылды

Райымбек ауданындағы бөгет құрылыстарындағы заңбұзушылықтарды тексеру тапсырылды

Алматы облысында инфрақұрылымдық жобалардың сапасы мен орындалу мерзіміне бақылау күшейтіледі.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің тапсырмасы бойынша «Қабанды» және «Шибут» бөгеттерінің құрылысы кезінде анықталған заңбұзушылықтарға қатысты материалдар қосымша сараптамаға жіберіліп, құқық қорғау органдарына құқықтық баға беру үшін жолданатын болады.

Бақылауды күшейтуге облыстық мәслихат депутаттарының көшпелі мониторингі барысында анықталған фактілер себеп болды. 2022 жылдан бері салынып жатқан және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді суармалы сумен қамтамасыз етуге тиіс нысандар бүгінде небәрі 73 пайызға ғана дайын.

— "Құрылыс-монтаж жұмыстары барысында анықталған кемшіліктер мен мәселелер мерзімнің бұзылуына және құрылыс сапасының төмендеуіне әкеліп соғады. Бұл, өз кезегінде, мемлекеттік қаражатты тиімді игеруге кері әсерін тигізеді", — деді облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев.

Инспекция барысында депутаттар «Қабанды» нысанында мердігер мекеме құрылысқа жарамсыз сары топырақты пайдаланғанын тіркеді. Құрылыс алаңында небәрі үш адам мен екі техника ғана жұмыс істеген. Ал «Шибут» бөгетінде тереңдігі 12 метрден асатын резервуардың айналасында қоршау болмаған, бұл қауіпсіздікке қатер төндіреді.

Қосымша міндеттемелер аясында мердігер ұйым Шалкөде ауылын ауызсумен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 2200 метрлік су құбырын тартуға келісім берді.

Мониторинг барысында жиналған мәліметтер талдау жүргізу үшін Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жолданды. Сараптама қорытындысы бойынша материалдар ресімделіп, уәкілетті органдарға жолданады.

— "Су шаруашылығы инфрақұрылымының құрылысы — бұл ауыл шаруашылығының тұрақтылығы мен азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі. Бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол берілмейді. Барлық фактілер мұқият зерделеніп, қолданыстағы заңнама аясында тиісті шешімдер қабылданады", — деп атап өтті Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Жобалардың жүзеге асырылуына бақылау анықталған заңбұзушылықтар толығымен жойылғанға дейін жалғасады.