Алматы облысында 2025 жылғы 6-8 маусым аралығында қасиетті Құрбан айт мерекесі атап өтіледі. Осыған орай өңірде құрбандық шалу рәсімін ұйымдастыру үшін 25 арнайы орын белгіленді.
Әкімдіктің мәліметінше, бұл орындар ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай инфрақұрылыммен жабдықталған. Онда жануарларды тексеру, құрбандық шалу және қалдықтарды залалсыздандыру процестері белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Құрбандық шалу тек арнайы бекітілген орындарда өткізілуі тиіс. Бұл – адам мен жануарлар денсаулығын сақтау және жұқпалы аурулардың алдын алу үшін маңызды. Қоғамдық тәртіп пен санитарлық талаптарды сақтау – барша азаматтың ортақ міндеті.
Әкімдік өкілдері рұқсат етілмеген жерлерде құрбандық шалу және заңсыз мал саудасымен айналысуға қатаң тыйым салынатынын ескертеді. Мұндай заңбұзушылықтар анықталған жағдайда кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынады.
Алматы облысының әкімдігі тұрғындарды Құрбан айт мерекесін санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, арнайы белгіленген орындарда өткізуге шақырады.