Алматы облысында шегірткеге қарсы күрес шаралары жоспарлы түрде жүргізілуде

Алматы облысында шегірткеге қарсы күрес шаралары жоспарлы түрде жүргізілуде

2025 жылғы 14 мамырдан бастап Алматы облысы аумағында шегіртке зиянкестері ошақтарын анықтап, жоюға бағытталған ауқымды кешенді кампания жүргізілуде.

Бүгінгі күнге дейін ауыл шаруашылығы қызметкерлері 330 мың гектардан астам алқапты мониторингтен өткізді. 27 мың гектардан астам жер химиялық өңдеуден өтті. Жұмыстарға авиациялық техника, ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар), сондай-ақ жерүсті бүріккіштер тартылған.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Шеңгелді ауылдық округінің егіс алқаптарында көшпелі жиын өткізіп, мердігер ұйымдардың өкілдерімен, салалық ведомстволар мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерімен кездесті. Сапар аясында өңір басшысы ахуалмен танысып, тартылған техниканы көріп, нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, химиялық қорғаныс құралдарымен үздіксіз қамтамасыз ету және зиянкестердің жаңа ошақтарына жедел ден қою бойынша міндеттер жүктелді.

— Зиянкестерге қарсы күрес – бұл тек агротехникалық шара емес, сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығының тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды бөлігі. Біз үйлесімді, кәсіби әрі уақтылы әрекет етуіміз қажет, — деп атап өтті Марат Сұлтанғазиев.

«Біздің басты міндетіміз – шегіртке зиянкестері ошақтарын дер кезінде оқшаулап, жою. Жұмыстар ауыл шаруашылығы өндірушілерімен тығыз өзара іс-қимылда, авиацияны, дрондарды және жерүсті техниканы пайдалана отырып жүргізілуде. Бірлескен күш-жігермен біз фитосанитарлық тәуекелдерді барынша азайтып, егіс алқаптарын қорғаймыз», — деп түсіндірді Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Алматы облысы бойынша инспекция басшысы Дархан Қарибаевич Әбілғазиев.

Кампания облыстың барлық аудандарын қамтып отыр. Өңдеу жұмыстары ауада – жеңіл авиация көмегімен және жерүсті арнайы техниканы пайдалану арқылы жүргізілуде. Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Тоқпеисовтің айтуынша, жұмыстар бекітілген кестеге сай жүріп жатыр, жағдай бақылауда. Ауыл шаруашылығы өндірушілерінен егістікке немесе жайылымдарға келтірілген зиян туралы шағым түспеген.

— Облыс аумағында шегірткенің үш түрі анықталды. 113 мың гектар алқап өңдеуге жатады, оның 63 мың гектары республикалық бюджет есебінен, қалғаны – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылуда. Бүгінде жоспарланған көлемнің шамамен 25%-ы қамтылды. Кампанияға 200-ден астам маман мен 46 техника тартылған, — деп мәлімдеді Ғалым Тоқпеисов.

Зиянкестердің таралуын болдырмау мақсатында мониторинг және өңдеу жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Авиациялық жұмыстарды осы салада 25 жылдан астам тәжірибесі бар «Aviasila» ЖШС жүзеге асыруда. Қолданылып жатқан препараттар шегірткені тиімді түрде жояды, ауыл шаруашылығы дақылдарына зиян келтірмейді.

— Биыл ерте жылыну салдарынан шегіртке пайда болу мерзімі өзгерді, бұл жұмыс кестесін қайта қарауды талап етті. Алдымен зиянкестердің тығыз шоғырланған аймақтары өңделіп жатыр. Өңірде жеңіл және аса жеңіл авиацияның төрт борты тартылған. Жұмыстар бекітілген жоспарға сәйкес қатаң жүргізілуде, — деп баяндады «Aviasila» ЖШС директоры Игорь Сухоруков.

Зиянкестермен күресте заманауи технологиялардың рөлі зор. «Фитосанитария» РМК АОФ директоры Несіпбай Чингизбаевтың айтуынша, «EA J100» үлгісіндегі дрондар қиын жететін жерлерді тиімді өңдеуге мүмкіндік береді. Бір дрон 10 минут ішінде 3 гектарға дейін, бір жұмыс ауысымында 70 гектардан астам жерді өңдей алады.

— Бұл дрондар биыл сатып алынды. Олардың басты артықшылығы – авиация мен жерүсті техника жетпейтін аумақтарды өңдеу мүмкіндігі. Жақын арада олар Кеген және Райымбек аудандарында қолданылатын болады. Әр дрон 50 литрлік бакпен және екі аккумулятормен жабдықталған. Әр аппаратқа үш адамнан тұратын команда бекітілген, — деп нақтылады Несіпбай Чингизбаев.

Кампания аясындағы алдын алу және жою шаралары жоспарлы түрде жалғасып, белгіленген мерзімде аяқталады.