Қоғамдық келісім мен бірлікке – 30 жыл Алматы облысы ҚХА мерейтойын ауқымды жобалармен атап өтуде

Қоғамдық келісім мен бірлікке – 30 жыл Алматы облысы ҚХА мерейтойын ауқымды жобалармен атап өтуде

Алматы облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай қоғамдық келісімді нығайтуға, этносаралық диалогты дамытуға және бірлік құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған ауқымды іс-шаралар кешені жүзеге асырылуда.

Мерейтойлық жылдың басты оқиғасы – 2025 жылғы 30 мамырда Қонаев қаласында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық ХХХ сессиясы болды.

Жыл басынан бері өңірде 16 мыңнан астам адамды қамтыған 100-ден аса тақырыптық іс-шара өткізілді. Оларға 34 этномәдени бірлестіктің (оның ішінде 18-і – облыстық деңгейде), Аналар кеңесі мен Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, «Ассамблея жастары» жастар қанаты, медиаторлар және азаматтық қоғам белсенділері қатысты.

Мерейтойлық жылы этносаралық келісім инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қонаев қаласында аумағы 1 200 шаршы метр болатын Достық үйі мен жалпы аумағы 30 040 шаршы метрлік көпфункционалды Конгресс-холл салынады. Құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы жылдың қазан айында басталады. Ұйғыр ауданында 50 сотық жер телімі бөлініп, 35 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге өтінім берілді.

Ел Президенті Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында берген тапсырмаларына сәйкес, өңірде этностар тығыз қоныстанған Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарында ҚХА бөлімшелерін құру жұмысы басталды.

Қоғамдық диалогты нығайтуда Аналар кеңесі мен Ақсақалдар кеңесінің рөлі ерекше. Облыста 146 Аналар кеңесі және 141 Ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді. Олар бес айда 20 мыңға жуық адамды қамтыған 190-нан астам іс-шара өткізді. Медиация кеңесі 4 мыңнан астам адам қатысқан 36 кездесу ұйымдастырды. ҚХА жастар қанаты 6 мыңнан астам жасты қамтыған 49 бастаманы жүзеге асырды.

Жыл соңына дейін өңірде ұлтаралық келісім, толеранттылық пен диалог идеяларын насихаттауға бағытталған тағы 8 ірі этномәдени жоба өткізу жоспарланған.

«Біздің өңірде келісім, толеранттылық және ашық диалог – өмір салтына айналған. Бұл – бізді біріктіретін, қуатты ететін құндылықтар. Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлігіміздің және көптүрлілікке деген құрметтің символы. Мерейтойлық жылы біз тек мәдени бастамаларға ғана емес, инфрақұрылымды дамытуға да баса назар аударып отырмыз. Қонаев қаласындағы Достық үйі мен Конгресс-холл – бұл әр дауыстың ескеріліп, әр этностың мәдениеті мен дәстүрі қолдау табатын ортақ болашағымызға жасалған инвестиция», – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.