Дарындыларды дәріптеген күн: облыс әкімі үздік оқушылармен кездесті

Дарындыларды дәріптеген күн: облыс әкімі үздік оқушылармен кездесті

Қонаев қаласында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев 2024–2025 оқу жылын табысты аяқтаған дарынды оқушылармен кездесті.

Іс-шара үздік нәтижеге қол жеткізген оқушыларды марапаттап, олардың білім мен шығармашылықтағы жетістіктерін атап өту мақсатында ұйымдастырылды.

«Бүгін 2024–2025 оқу жылын сәтті аяқтап, замандастарының ортасынан білімімен, өнерімен танылып, «жүзден жүйрік» атанған, облысымыздың абыройын асқақтатқан жас дарындармен кездесіп отырғаныма қуаныштымын», – деді облыс әкімі.

Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде биыл облыстағы 483 мектепте 352 мыңнан астам оқушы білім алғанын атап өтті. Жалпы білім сапасы 68,3%-ке жеткен. Биыл 17 мыңнан астам түлек мектеп бітірсе, олардың 1433-і – «Алтын белгі», 1513-і – «Үздік аттестат» иегері атанған.

Облыс әкімі мұғалімдердің тынымсыз еңбегінің арқасында оқушылардың білім сапасы жыл сайын артып келеді деді. 2022–2023 оқу жылында 104 оқушы халықаралық және республикалық деңгейдегі білім сайыстарында жеңімпаз атанса, 2023–2024 оқу жылында бұл көрсеткіш 145-ке жеткен. Биыл бұл сан 160-қа дейін өсіп отыр.

«Алматы облысы – дарынды жастардың ордасы. Мұны тек облыс орталығы ғана емес, шалғай ауыл оқушылары да дәлелдеп келеді. Астана қаласында өткен ауыл мектептеріне арналған олимпиадада облыс командасы «Ең үздік олимпиадалық команда» атанып, І және ІІ орындарға ие болды», – деді өңір басшысы.

Іс-шара аясында 22 оқушы облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар дарынды шәкірттерді дайындаған мұғалімдерге де алғыс білдірілді. Атап айтқанда:

•№47 орта мектептің физика пәні мұғалімі – Светлана Бекмұхамбетова (Алатау қаласы);

•«Білім-инновация» лицейінің география пәні мұғалімі – Тамара Ещанова (Есік қаласы);

•№38 мектептің құқық пәні мұғалімі – Лейла Нарымова (Іле ауданы);

•Рахат №1 орта мектебінің химия пәні мұғалімі – Нұртай Ерназар (Еңбекшіқазақ ауданы).

Дарынды оқушылар қатарында халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен беделді университеттердің грант иегерлері бар. Олардың арасында:

•Жангир Илжанов – экономика саласындағы халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы, АҚШ, Ұлыбритания және Ресей университеттерінің грант иегері (Талғар ауданы, «Дана» мектебі);

•Халел Мүслім – «Білім-инновация» лицейінің оқушысы (Есік қаласы);

•Бекмұхамет Айша – Іле ауданының өкілі;

•Ибадуллаева Шахризат – Ұйғыр ауданынан.

Кездесу соңында оқушылар мен ұстаздар «Дарын» гимнін орындап, естелік суретке түсті.

«Құрметті оқушылар! Білім – шексіз мүмкіндікке бастайтын жол. Ізденуден, оқудан, жаңашылдықтан ешқашан жалықпаңыздар! Еліміздің болашағы – сіздер. Әрбір қадамдарыңыз тек биік мақсаттарға жетелей берсін», – деп қорытындылады өз сөзін облыс әкімі.