Қонаев қаласындағы «Қапшағай бидай өнімдері» ЖШС істен шыққан элеваторды жаңғыртуда. Мұндағы ескі станоктар түгелдей ауыстырылып, үш түрлі зауыт салынып жатыр. Оның бірі сұйық май шығаратын болса, келесілері жемдік ұн мен ұн өндіретін зауыт.
Дайын өнім Қазақстанның нарығында саудаланып қана қоймай, Қытайға экспортталады. Тартылған инвестицияның көлемі 8 млрд. теңгені құрап отыр.
«Бүгінде теміржол ауыстырылып, контейнер терминалы, қоймалар, зауыттар салынып жатыр. Құрылысқа 200-ге жуық адам тартылған. Сондай-ақ 2 гектар жер қосымша сатып алынды. Жобасы жасалуда. Зауыт биыл қолданысқа беріледі. Жылына 1 000 000 тонна өнім экспортқа шығарылады деп жоспарлап отырмыз», - деді ЖШС бас директорының орынбасары Ринат Тоқпанов.
Зауыт керекті материалдармен өзін-өзі қамти алады. 2-3-қабаттарда қап шығаратын станоктар қойылған. Қазір бұл жерде 250 адам еңбек етіп жатса, қосымша 300 жұмыс орны құрылады.
Айта кетейік, Қонаев қаласының инвестициялық пулына 39 жоба енгізілген. Инвестицияның жалпы көлемі 2,4 трлн.теңгені құрайды. Нәтижесінде 17 000 тұрақты жұмыс орны пайда болады. Қазір шаһарда 12 түрлі өндіріс ошағы қызмет етеді.