Алматы облысы мен Шаньдун провинциясы: стратегиялық әріптестікті нығайту

Алматы облысы мен Шаньдун провинциясы: стратегиялық әріптестікті нығайту

Бүгін, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытайдың Шаньдун провинциясының губернаторы Чжоу Найсян мырзамен бауырлас қалалармен ынтымақтастық жөніндегі халықаралық конференция аясында кездесу өткізді.

Өз сөзінде өңір басшысы қытайлық тарапқа жылы қарсы алғаны үшін алғыс білдіріп, Шаньдунды Қытайдың жетекші экономикалық әрі мәдени өңірлерінің бірі ретінде атап өтті. «Біз Қытай мен Қазақстан арасындағы серіктестікті дамытудағы провинцияның рөлін жоғары бағалаймыз», — деді Марат Сұлтанғазиев.

Алматы облысы — агроөнеркәсіп, логистика және туризм салалары дамыған оңтүстік-шығыс Қазақстанның экономикалық тірек аймағы. Өңір «Бір белдеу — бір жол» бастамасын жүзеге асыруға белсенді қатысып келеді.

Кездесуде екіжақты сауда қарым-қатынасының серпініне айрықша назар аударылды. 2023 жылы Алматы облысы мен Қытай арасындағы тауар айналымы 1,082 млрд АҚШ долларын, ал 2024 жылы 1,023 млрд АҚШ долларын құрады. Бүгінде өңірде қытайлық және бірлескен капиталмен жұмыс істейтін 143 кәсіпорын бар.

«Біз Шаньдунды тек экономикалық әріптес ретінде емес, орнықты әрі өзара тиімді дамуды ілгерілетудегі сенімді одақтас ретінде қарастырамыз», — деді өңір басшысы. Ол ынтымақтастықтың негізі сенім, тәжірибе алмасу және ортақ болашаққа ұмтылыс болуға тиіс екенін атап өтті.

Кездесу соңында Марат Сұлтанғазиев Алматы облысы мен Шаньдун провинциясы арасындағы байланысты нығайтуда бұл кездесудің жаңа кезеңнің бастауы болатынына сенім білдірді.