Қытайдың Цзинань қаласында Қазақстан мен Қытай кәсіпкерлері арасындағы өзара іс-қимылдың маңызды алаңына айналған ірі бизнес-форум өтті. Іс-шараны салтанатты түрде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ашты.
– "Бүгінгі форум Алматы облысы мен Шаньдун провинциясы арасындағы серіктестікті нығайтып қана қоймай, Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашады. Біздің өңір "Бір белдеу – бір жол" бастамасын іске асыруда стратегиялық маңызға ие. Біз шетелдік инвесторларға дамыған инфрақұрылым, қолайлы логистикалық жағдай және жан-жақты мемлекеттік қолдау ұсынамыз. Форум тікелей іскерлік байланыстар орнатуға және бірлескен бастамаларды табысты іске асыруға тиімді алаң болады деп сенемін", - деді Марат Сұлтанғазиев.
Форум аясында ауыл шаруашылығы техникасы мен құрылыс материалдарынан бастап жаңа материалдар, электр көліктері, косметика және химиялық өнімдерге дейінгі әртүрлі салаларды қамтитын 124 компанияның өкілдері және 300-ден астам қатысушы бас қосты. Іс-шараның ерекшелігі – қатысушылардың деңгейі: олардың қатарында жылдық кірісі 1 миллиард юаньнан асатын оннан астам ірі компания бар.
Форумды Шаньдун провинциясының 16 қаласының өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар департаменттері, шағын және орта бизнесті дамыту орталықтары мен жетекші салалық қауымдастықтар ұйымдастырды. Бұл шара Қытай тарапының Қазақстанмен экономикалық байланыстарды нығайтуға деген өсіп келе жатқан қызығушылығын айқын көрсетеді.
Облыс әкімінің айтуынша, соңғы екі жылда Алматы облысы жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша елімізде 10-орыннан 5-орынға көтерілді. Бүгінде өңірде қытайлық капиталдың қатысуымен бірқатар ірі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр. Облыс аумағында Қытай және бірлескен инвесторлардың қатысуымен 143 кәсіпорын жұмыс істейді. Қытай мен өңір арасындағы тауар айналымы тұрақты түрде жылына 1 миллиард АҚШ долларынан асады.
Цзинань қаласында өткен бизнес-форум Қазақстан мен Қытай арасындағы нақты ынтымақтастықты тереңдетуге және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған маңызды алаңға айналды.