Алматы облысы делегациясының Қытай Халық Республикасына жасаған ресми сапары аясында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытайдың жетекші компанияларының өкілдерімен кездесті. Бұл кездесу халықаралық экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің маңызды кезеңіне айналды.
Кездесуге Zhuhai Shixi Technology Co., Ltd, Wanjia Hotel Group Co., Ltd, және AT Partner Company сияқты жоғары технологиялар мен туризм саласындағы бірлескен жобаларға қызығушылық танытқан ірі компаниялардың өкілдері қатысты.
Келіссөздер барысында Алматы облысының табиғи жауһары саналатын Көлсай аймағында аспалы жолдар салу жобасына ерекше назар аударылды. Кездесу нәтижесінде инфрақұрылымды дамыту және экологиялық туризм салаларындағы ынтымақтастықты көздейтін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Мұнай-газ секторына инвестиция тарту мәселесі бойынша негізгі әріптес ретінде Jinxiang Investment Group компаниясы танылып, оны директорлар кеңесінің төрағасы Хуан Сян Мяо таныстырды. Сондай-ақ кездесуге қазақстандық «Слава Мұнай» ЖШС өкілдері де қатысты.
Энергетика саласы да маңызды тақырыптардың бірі болды. Жасыл энергетиканы дамыту перспективалары Ronghao Energy (басшысы Эрик Гао) және Zhongtai Group компанияларының қатысуымен талқыланды.
Кездесу аясында зияткерлік жүйелер, технологиялар және өнеркәсіптік автоматтандыру салаларында ұсыныстармен алмасу өтті. Іс-шараға Jiangsu Slenline Intelligent Systems, Leng Dengke, Gaosong және Helong Explosion компанияларының өкілдері қатысты.
Алматы облысының агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға ерекше қызығушылық білдірген компаниялардың бірі – Қытайда жаңғақ пен снек өнімдерінің ірі дистрибьюторы болып саналатын Three Squirrels Co., Ltd. Компания атынан Пан Даовэй (Pan Daowei) сөз сөйледі.
Алматы облысы шетелдік инвестициялар үшін ашық екенін және шетелдік серіктестерге қолайлы жағдайлар, әрі тиімді рәсімдер және жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде кешенді қолдау көрсетуге дайын екенін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев атап өтті.