Қытайға жасалған іскерлік сапар аясында Алматы облысынан барған делегация фотоэлектрлік компоненттерді әзірлеу және өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі — Astronergy компаниясының өндірістік қуаттарын аралады.
Сапардың мақсаты — күн энергетикасы саласындағы озық технологиялармен танысу және жаңартылатын энергия көздері бағытындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылау болды. Қазақстандық делегация өндіріс үдерісінің жоғары деңгейде автоматтандырылуын, өнім сапасын бақылаудағы инновациялық тәсілдерді және кәсіпорын ауқымын жоғары бағалады.
Astronergy компаниясы жоғары тиімділікке ие күн панельдерін өндіруге маманданған және «жасыл» технологиялар саласындағы жаңа шешімдерді белсенді түрде енгізіп келеді. Өндірістік желілер бойынша экскурсия барысында Алматы облысының өкілдеріне өндіріс технологиялары, өнімді сынақтан өткізу кезеңдері және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар болашақта ынтымақтастықты жалғастыруға, соның ішінде Қазақстан аумағында технологияларды жергіліктендіру және жаңартылатын энергетиканы дамыту саласындағы тәжірибе алмасу бағытында өзара қызығушылық білдірді.