Қытайға жасаған ресми сапары аясында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытайдың ең ірі логистикалық компанияларының бірі – YTO Express Co. штаб-пәтеріне барды. Сапар барысында компанияның негізін қалаушы әрі Директорлар кеңесінің төрағасы Ю Вэйцзяомен кездесу өтті.
YTO Express – Қытайдың экспресс жеткізу нарығындағы «үлкен бестікке» кіретін көшбасшы компаниялардың бірі және халықаралық логистикалық желіні белсенді түрде дамытып келеді. Компания әуе, теңіз және құрлық арқылы тасымалдау қызметін көрсетіп, зияткерлік сұрыптау орталықтарын басқарады және логистика саласына арналған IT-шешімдер ұсынады. Бүгінде YTO әлем бойынша 5 100-ден астам филиалға, 133 логистикалық хабқа және 80 000 терминалға иелік етеді.
Әкім осындай жаһандық операторлармен әріптестіктің стратегиялық маңыздылығын атап өтті, әсіресе Алматы облысын «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында көлік-логистикалық хаб ретінде дамыту тұрғысынан. Бүгінде Алматы облысы YTO компаниясының жаһандық логистикалық стратегиясындағы басым бағыттардың бірі болып отыр. Бұл қатарда Дубай, Сидней және Лос-Анджелес сияқты ірі қалалар да бар.
Тараптар YTO компаниясының Алматы облысындағы қатысуын кеңейту, бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру және инновациялық логистикалық шешімдерді дамыту мәселелерін талқылады.
Сапар өңірге жоғары технологиялық инвестицияларды тарту мен экономикалық серіктестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болды.