Алматы облысында аграрлық секторды дамыту мәселелері талқыланды

Алматы облысында аграрлық секторды дамыту мәселелері талқыланды

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен Алматы облысындағы көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысып, өңірдің диқандарымен кездесті. Сапар аясында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың негізгі бағыттары айқындалды.

Министрдің сапары Жамбыл ауданындағы «Олжас» шаруа қожалығының жұмысымен танысудан басталды. 2013 жылы құрылған шаруашылықтың жалпы жер көлемі – 2600 гектар, оның 1500 гектары суармалы алқаптар. Алайда су тапшылығына байланысты қазір тек 600 гектар жер өңделуде. Мұнда бидай, арпа, жүгері және 60 гектар жерге егілген жоңышқа өсіріледі. Қожалық барлық қажетті техникамен жабдықталған, 20 адам жұмыспен қамтылған. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 1 миллиард теңгені құрайды.

— Бізде су жетіспейді. Су болмаса, егіс көлемін ұлғайту мен өнімділікті арттыру мүмкін емес. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Су ресурстары министрлігі бұл мәселені бірлесіп шешеді деп үміттенеміз, — деді шаруашылық басшысы Хамза Бабалықов.

Министр көктемгі дала жұмыстарының елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен болашақ өнім көлеміне тікелей әсер ететінін атап өтті. 2025 жылы Қазақстанда егіс алқаптарының жалпы көлемі 23,7 млн гектарға жетпек, бұл өткен жылмен салыстырғанда 413 мың гектарға артық. Алматы облысында 436,8 мың гектар жерге егін егу жоспарланып отыр.

Егісті әртараптандыру жалғасуда: майлы дақылдарға 3,3 млн гектар, мал азығы дақылдарына тағы 3,3 млн гектар бөлінеді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 127 мың гектарға көп.

Мемлекеттік қолдау көлемі де артып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша агроөнеркәсіптік кешенді жеңілдікпен несиелеу көлемі 2025 жылы рекордтық 700 млрд теңгеге жетеді. Бүгінгі таңда 491,5 млрд теңгеге 7 мыңнан астам өтінім қабылданып, 440 млрд теңгеге өтінімдер қаржыландырылған. Алматы облысынан 12,6 млрд теңге көлемінде 302 өтінім түскен, оның 174-і мақұлданған. Ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу бойынша тек 2,9 млрд теңгеге 142 өтінім берілген, бұл салада ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет.

Облыстағы ауыл шаруашылығы техникасының 60%-дан астамы тозған. Өткен жылы жаңа техника сатып алуға 120 млрд теңге бөлінсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 200 млрд теңгеге дейін өседі. «ҚазАгроҚаржы» арқылы шаруалар жылдық 6% мөлшерлемемен 10 жылға техника алу мүмкіндігіне ие.

Жаңа өзгерістердің бірі – көктемгі және күзгі дала жұмыстарына арналған тікелей жеңілдетілген несиелеу тетігінің енді мал шаруашылығына да қолданылуы. Алғашқы кезеңде ірі және ұсақ мал бордақылау алаңдары мен құс фабрикаларын қолдауға 50 млрд теңге бөлінеді.

Жамбыл, Іле, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Талғар аудандары мен Қонаев және Алатау қалаларынан келген аграршылармен өткен кездесуде қаржыландыру, ресурспен қамтамасыз ету, «Кең дала 2» бағдарламасының жүзеге асуы сияқты мәселелер талқыланды. Шаруалар бұл бағдарламаның оңтүстік өңір ерекшеліктерін ескермейтінін айтты. Мысалы, бір гектар картопқа 495 мың теңге бөлінсе, тұқымының өзі 750 мың теңгеге дейін жетеді.

«Атамекен» ҰКП АӨК департаментінің директоры Нұрлан Нұрбеков бағдарламаның ескіргенін және өңір жағдайына бейімдеу қажет екенін атап өтті. Министр Айдарбек Сапаров жауапты құрылымдарға бір ай ішінде бағдарламаның параметрлерін қайта қарап, тиісті өзгерістер енгізуді тапсырды.

Қаржы құралдары және микронесиелеу департаменті директорының орынбасары Олжас Тлебалдин гектарға берілетін орташа несие көлемін арттыру мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлады.

Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2024 жылы өңірдегі өңделетін жер көлемі 424 мың гектарға жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артқан. Көктемгі егіс жұмыстары барлық аудандарда аяқталған, тек Кеген мен Райымбек аудандарында ауа райының әсерінен шамамен екі апта кеш басталған.

Министрдің жұмыс сапары ауыл шаруашылығын тиімді дамыту тек мемлекет пен шаруалардың тығыз ынтымақтастығы негізінде мүмкін екенін көрсетті. Осындай кездесулер жергілікті жерлердегі нақты мәселелерді тыңдап, аграршылардың қажеттіліктеріне сай шешімдер қабылдауға жол ашады.