Балуан Шолақтың ізбасарлары

Балуан Шолақтың ізбасарлары

Алматы облысында қазақ күресінен «Алатау арланы» облыстық турнирі аяқталды. Қарасай ауданы «Үшқоңыр» спорт кешенінде аудандық және қалалық сайыстарда топ жарған балуандар күш сынасты. Жарыс жеңімпаздары «Қазақстан барысы» республикалық чемпионатына жолдама алды.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде елімізге белгілі эстрада әншілері өнер көрсетті. Жарысты ұйымдастырушылар мен құрметті қонақтар қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Қазақ күресі отандық спорттың брендіне айналды. Елімізде ұлттық спортқа деген қызығушылық артып келеді. Алматы облысының өзінде 2000-нан астам адам қазақ күресімен шұғылдануда. «Казақстан барысы» республикалық турнирі қазақ күресінің әлемдік аренаға шығуына жол ашты. Бұл спорт жастар арасында отаншылдық рухты оятып, ұлттық құндылықтарға деген құрметті еселей түседі», – деді Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рахман Шахарбек.
Салтанатты ашылу рәсімінен кейін жеребе арқылы балуандар кім мықтыны анықтау үшін бозкілемде белдесті.
«Жарысқа аудандық және қалалық сайыстардан үздік шыққан, 18 жастан асқан, салмағы 90 келіден жоғары 32 балуан бақ сынауға келді. Олардың арасында 9 балуан ҚР спорт шебері және бір халықаралық спорт шебері бар. Биылғы бәсекеге қатысушылардың арасында жастардың көп болғаны қуантады. Турнир жеңімпазына «Алтын белбеу» мен 2 000 000 теңге, екінші орынға – 1 000 000 тенге, ал үшінші орынға 500 мың теңге ақшалай сыйлық табысталады», - деді турнирдің бас төрешісі Қапар Рауанов.
Жарыс қорытындысы бойынша, үшінші орын Еңбекшіқазақ ауданынан келген балуан Нұрғали Жолтаевқа бұйырды. Екінші орынды Балқаш ауданының балуаны Әлімжан Жұмахметов иеленді. Ілелік Жігер Сәкенұлы қарсылас шақ келтірмей «Алатау арланы – 2025» турнирінің жеңімпазы атанды.
«Күреспен мектепте оқып жүргенде айналыстым. Спорт менің серігіме айналды. Қызметіме де көп пайдасын тигізіп келеді. Қазір жасым 34-те. Осы жылдар ішінде көптеген жетістікке жеттім. Қазақ күресі, самбо және дзюдодан спорт шеберімін. Республикалық жарыстардың жеңімпазы атандым. Самбодан Азия чемпионатында топ жардым. Өткен жылы дайындығым дұрыс болмай, жақсы нәтиже көрсете алмадым. Ал биыл облыстық полиция департаменті жарысқа тыңғылықты дайындалуыма жағдай жасады. Соның арқасында жеңіс тұғырынан көріндім. Ендігі кезекте «Қазақстан барысы» республикалық турниріне дайындықты бастаймын». – деді Жігер Сәкенұлы.
Облыстық турнир жеңімпазына «Алтын белбеумен» қатар ақшалай сыйлық табысталды. Күміс және қола жүлдегер атанғандар да ақшалай сыйлыққа ие болды.