2025 жылғы 21 мамырда Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Бейжің қаласына жасаған жұмыс сапары аясында Қытай Халық саяси консультативтік кеңесінің Бейжің қалалық комитеті төрағасының орынбасары Ван Хонгпен кездесті. Тараптар екіжақты серіктестікті нығайту және негізгі бағыттардағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылады.
– Қытай – бай тарихи мұрасы мен зор қазіргі заманғы әлеуеті бар ел. Оның жүрегінде орналасқан Бейжіңде болу – мен үшін үлкен мәртебе, – деді өңір басшысы.
Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, Қазақстан, оның ішінде Алматы облысы, Қытаймен серіктестікті стратегиялық басымдық ретінде қарастырады.
– Қытаймен ынтымақтастық – жай дипломатиялық қадам емес. Бұл – өзара сенімге, прагматизм мен ортақ мүддеге негізделген жол, – деп атап өтті әкім Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін келтіре отырып.
Кездесу барысында Марат Сұлтанғазиев Алматы облысында агроөнеркәсіптік кешен, логистика, шекара маңы саудасы, жаңартылатын энергетика және мәдени байланыстар қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Бұл салалар Қытаймен ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Әкім «Бір белдеу – бір жол» бастамасына Алматы облысының белсенді қатысуына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, соңғы екі жылда өңір экономикасы айтарлықтай серпіліс жасап, жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша республикада 10-орыннан 5-орынға көтерілді.
Кездесу барысында мәдени байланыстар да ерекше назарда болды.
– Біздің қарым-қатынас тек экономикамен шектелмейді. Біз мәдени жақындасуға үлкен мән береміз. Жуырда Бейжіңде Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған концерт өтті. Бұл – халықтарымыздың рухани үндестігінің жарқын белгісі, – деді Марат Сұлтанғазиев.