Қонаев қаласында 2014 жылы туған балалар арасында футболдан «Qonaev cup-2025» халықаралық турнирі өтіп жатыр. Додаға барлығы 10 команда, 200-ден астам жас футболшы қатысуда. Турнирдің салтанатты ашылуы Алматы облысының ДРС стадионында өтті.
Қатысушылар құрамы да айтарлықтай салмақты. Қазақстанның әр өңірінен келген командалармен қатар (Абай, Ақмола, Алматы, Жетісу облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент, Қонаев қалаларынан) Қытай Халық Республикасының Синьцзян өлкесіндегі Алтай қаласы мен Іле-Қазақ автономиялық округінен келген жасөспірімдер де жүлде үшін бақ сынауда.
Мамандардың пікірінше, 11 жастағы балалар үшін мұндай жарыстардың ұйымдастырылуы олардың футболдағы дағдыларын дамытуда және жан-жақты өсіп-жетілуінде үлкен рөл атқарады. Айта кетейік, жарыстар барысында жас футболшылар өздерінің бар шеберліктерін паш етіп, жанкешті ойын көрсетті.
Футбол мерекесі алдағы төрт күн бойы жалғасады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Кубок, медаль, мақтау қағаздары және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Сонымен қатар, «Үздік ойыншы», «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылшы», «Үздік қорғаушы», «Үздік жартылай қорғаушы», «Үздік сұрмерген» аталымдары бойынша да үздіктер анықталады.