
Алматы облысы жер қоры 10,5 млн. га құрайды.
Ауыл шаруашылығына арналған жер көлемі 4,3 млн. га құрайды, оның ішінде егістік – 459,8 мың га, одан суармалы – 239,5 мың га, көпжылдық өсімдіктер – 18,7 мың га, тыңайған жер – 54,7 мың га, шабындық – 63,1 мың га, жайылымдық – 3,6 млн. га.
Облыстағы шаруашылық субъектілер саны 41 343 құрайды (оның ішінде шаруа қожалықтары – 40005, АҚ, ЖШС – 1121, өндірістік кооперативтер – 109, ҒЗ, оқу мемемелері мен мекемелер – 27, қосалқы шаруашылықтар – 17, басқа кәсіпорындар, ұйымдар мен мекемелер – 64).
Елді мекен жері – 0,3 млн. га.
Өнеркәсіп жері – 0,1 млн. га.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жері – 1,0 млн. га.
Орман қорының жері – 2,2 млн. га.
Су қорының жері – 0,2 млн. га.
Жер қоры – 2,4 млн. га.
Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту тәртібі Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 49-1-бабымен реттелген.Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге мүдделі жеке және заңды тұлғалар жер учаскесі орналасқан жер бойынша жергілікті атқарушы органға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қағаз жеткізгіште не «электрондық үкімет» веб-порталы немесе Мемлекеттік корпорация арқылы өтініш береді. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешім осы Жер кодексінің 43-бабының 2-тармағына сәйкес құрылатын комиссияның қорытындысы негізінде қабылданады.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 48 - бабының талаптарына сәйкес мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерінің жалдау құқығын беруді ауданның немесе қаланың жергілікті атқарушы органдары өз құзыреті шегінде сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) жүзеге асырады.
Мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін беру осы Кодекстің 43-1 бабында белгіленген тәртіппен конкурс негізінде жүзеге асырылады.
Жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сатушы ретінде жергілікті атқарушы орган өкілдік етеді. Жергілікті атқарушы орган жер учаскелерінің тізбесін дайындайды және хабарландыруды қалыптастырады.
Жергілікті атқарушы органдар шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты өткізу туралы хабарламаны тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында, сондай-ақ жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында жариялауды жүзеге асырады.
Жоғарыда аталған жер заңнамалары талаптарына сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдарында конкурсқа шығарылатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің тізбесі жарияланған күннен бастап, Қазақстан Республикасының азаматтары конкурсқа қатысу үшін өтінім берулеріне болады.
Ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер учаскелері жергілікті атқарушы органдармен ұйымдастырылған конкурстар негізінде беріледі.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44-1–бабының 8-тармағына және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі м.а 2015 жылғы 27 наурыздағы № 255 бұйрығымен бекітілген «Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқық беру қағидаларының» 28-тармағына сәйкес, комиссияның қорытындысы шыққаннан кейін Қазақстан Республикасы азаматтарының және оралмандардың өтініштері арнайы есепке қойылады және бөліп берілетін алаңдардың дайын болуына қарай жеке тұрғын үй құрылысы үшін пайдаланылатын бос аумақтар болған жағдайда кезегіне қарай қанағаттандырылады.
Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері инфрақұрылыммен қамтылған арнайы дайындалған алаңдардан беріледі.
Жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін берілетін алаңдар елдi мекеннiң егжей-тегжейлi жоспарлау жобасына немесе бас жоспарына сәйкес бөлінеді.