«Таза Қазақстан» акциясы аясында Алматы облысында ауқымды жұмыстар атқарылды

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Алматы облысында ауқымды жұмыстар атқарылды

Ағымдағы жылы елімізде өткізілген «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына Алматы облысының тұрғындары мен мекемелері белсенді қатысып, табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілді.

Акция аясындағы іс-шараларға 198,7 мың адам, 8 836 кәсіпорын мен ұйым қатысты. Табиғатты тазарту мақсатында 6,6 мың тонна қоқыс жиналып, қоршаған ортаны көгалдандыру үшін 76 702 түп ағаш және 13 килограмм түрлі ағаш тұқымдары отырғызылды. Бұл жұмыстарға 2 229 бірлік арнайы техника тартылды.

Айрықша атап өтерлігі, облыстың 429 мектебінде оқушылар мен мұғалімдердің қатысуымен 11,2 мың ағаш отырғызылды. Бұл өскелең ұрпақтың экологиялық сана-сезімін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.

Сонымен қатар, акция аясында 3 048 көппәтерлі тұрғын үйдің, 55 саябақ пен сквердің, 719 тарихи-мәдени ескерткіштің және 1 055 әлеуметтік нысанның аумағы тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Алматы облысы «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылған жұмыстар арқылы қоршаған ортаға деген жанашырлықты іс жүзінде дәлелдеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.